Жастар ағаш егіп жарысты

0 279

Еліміздің барлық өңірінде қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы Тараз қаласында жалғасып жатыр. Тараздық жастар акция аясында 1200 көшет отырғызды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.  

Экологиялық науқан Жамбыл облысы аумағында «Таза аула. Таза өлке. Таза Ел!» атауымен ұйымдастырылуда. Акцияның үшінші аптасы «Жасыл аймақ» деген атауға ие болған. Бұл аптада тараздықтар ағаш көшеттерін отырғызуды қолға алды.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында «Қызылабад» алабында №11 аумақтың тұрғындары мен жастар арасында ағаш көшеттерін отырғызудан жарыс ұйымдастырылды.

Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға облыстық және қалалық жастар ресурстық орталықтары және №11 аумақтық округінің тұрғындарынан құралған үш бірдей команда қатысты.

Ерекше форматта өткен тағылымы мол сайысқа қоғам белсенділерінен құралған арнайы комиссия қазылық етті. Арнайы комиссия мүшелері егілген көшеттердің саны, ағаш отырғызуға арналған жердің дұрыс қазылуы мен көшеттердің қаншалықты дұрыс егілгенін зерделеді.

Жарыс қорытындысында І орынды Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы, ІІ орынды «Құмшағал жастары», ІІІ орынды облыстық «Әулиеата жастары» командасы иеленді. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар мен арнайы диплом табысталды.