Жамбыл облысының оқушылары ауылшаруашылығына арналған робот трактор жасап шығарды

0 29

Жамбыл облысы, Меркі ауданының №4 Тілеміс батыр атындағы орта мектебінің оқушылары Ғабдолла Ақсұлтан мен Байкөбек Нұрлыбек ауылшаруашылығының дамуында жаңа технологияларды енгізу мақсатында тың жоба әзірледі. Олардың жетекшісі Гүлназ Нұрланқызының көмегімен жасалған «РОБОТРАКТОР – 3/1» атты автономды техника ауылшаруашылығына тиімділік қосуға бағытталған, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Жоба авторларының айтуынша, робот тракторды жасау идеясы ауыл жастарының егіншілікке қызығушылығының төмендігінен туындаған. «Көп жастар ауылшаруашылығында жұмыс істеуге ынтасы жоқ. Осы мәселеге назар аударып, біз еңбек өнімділігін арттырып, адам еңбегін жеңілдететін әрі табиғаттың қолайсыз жағдайларына төзімді техника құрастыруды шештік», – дейді Ғабдолла Ақсұлтан.

«РОБОТРАКТОР – 3/1» деген атпен аталатын техника үш маңызды функцияны қатар орындай алады: жер жырту, дән себу және дәннің бетін жабу. Жобаның ерекшелігі – арнайы сенсорлы датчиктермен жабдықталуы, бұл оның егіс жұмыстарын жоғары дәлдікпен орындауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, құрылғы электр қуатымен жұмыс істей алады, бұл жанармай шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Жетекшісі Гүлназ Нұрланқызы осы жобаға үлкен үміт артып, оқушыларының еңбегін жоғары бағалауда. «Бұл тек бір жоба емес. Бұл – жастардың ғылым мен техникаға деген қызығушылығы мен ауылшаруашылығына тың серпін беретін бастама», – дейді ұстаз.

Жас өнертапқыш Байкөбек Нұрлыбек бұл жобаны мектеп қабырғасымен шектемей, болашақта өндірістік деңгейге жеткізуді мақсат етіп отыр. «Біз егістікке арналған үлкен көлемдегі нұсқасын жасап шығарғымыз келеді. Еліміздің ауылшаруашылығына үлес қосуға дайынбыз», – дейді ол.