Тазалық — денсаулық кепілі

0 566

Тазалық — аудан шырайын кіргізіп, қоршаған ортаға әдемілік сыйлайтын маңызды шаралардың бірі. «Тазалық — денсаулық кепілі», — деген ізгі ниетті басшылыққа алған аудан әкімдігі сенбіліктерді жиі ұйымдастырып тұратыны белгілі, жеп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

“Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналған «Киелі мекен» апталығы аудан орталығы Сарыкемер ауылында көрініс тапты. Бұл күні Кеңес Одағының батыры, жерлесіміз Ақәділ Суханбаев атындағы орталық саябақта аудан ардагерлері мен әкім аппаратының ұжымы бастаған бірқатар бөлім, мекеме қызметкерлері мен аудан жастары білек сыбана кірісіп, сенбілік жұмыстарына атсалысты. Ескерткіш қалыпқа келтіріп, саябақ іші мен аумағы қоқыстардан тазартылды. Жүзге тарта адам қатысқан шара барысында саябақтағы скверлер мен орындықтар сырланып, ағаш бұтақтары кесіліп, шөптері шабылды. Шара қатысушыларына көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін радиоконцерт ұйымдастырылды. Саябақта өткізілген тазалық жұмыстарына облыс әкімінің орынбасары Тамабек Әбілхайыр, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, сала орынбасары Дулат Жақыпбеков, аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау, ішкі саясат, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, Сарыкемер ауылдық округі әкімінің аппараты, «Мансап» орталығы мен Жастар ресурстық орталығы, аудандық тарихи-өлкетану музейі, редакция ұжымы мен мемлекеттік қызметшілердің «Руханият» волонтерлік қозғалысы қатысқанын айта кетейік.

Жалпы, тек акция аясында ғана емес аудан көлеміндегі көркейту-көгалдандыру және санитарлық-тазалық сенбіліктері барлық елді мекендерде көктемнің алғашқы күні 1 наурыздан бастау алып, тұрақты түрде жүруде.