Таразда такси жүргізушісінен ірі көлемдегі марихуана тәркіленді

0 8

Жамбыл облысында есірткі қылмысының алдын алу және заңсыз айналымға тосқауыл қою бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табуда. Кезекті жедел іс-шара барысында құқық қорғау органдары аса ірі көлемдегі есірткі затын заңсыз сақтады деген күдікпен Тараз қаласының тұрғынын анықтады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары кезінде қала көшелерінің бірінде Chevrolet Cobalt маркалы автокөлік тоқтатылған. Көлік тізгінінде отырған 53 жастағы азаматтың такси қызметімен айналысатыны белгілі болды.

Тексеру барысында тәртіп сақшылары автокөліктің жүксалғышынан өсімдік тектес зат салынған пакетті тапқан. Кейін жүргізілген сот-сараптамалық зерттеу нәтижесінде тәркіленген заттың жалпы салмағы 4 килограмм 649 грамм кептірілген марихуана екені анықталды.

Сонымен қатар медициналық куәландыру қорытындысы күдіктінің психоактивті заттарды қолданғанын көрсетті.

Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында есірткінің шығу тегі мен оны сақтау мақсаты жан-жақты анықталмақ.

Құқық қорғау органдары тұрғындарды заң талаптарын сақтауға шақырып, есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес тұрақты бақылауда екенін атап өтті.