Су тасқыны кезінде дәрігерлер 24 әйелді босандырып алған

0 141

Су басқан аудандарда қажырлы еңбектері үшін Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан барлығы 19 медицина қызметкері Денсаулық сақтау министрінің Алғыс хатымен марапатталды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі аталған ведомствоға сілтеме жасап.

Кәсіби борышына адал бола білетін қызметкерлер су басқан аудандардың тұрғындарын медициналық көмексіз қалдырмады. Осы орайда министр барлық дәрігерлерге, фельдшерлерге, мейіргерлерге шын жүректен алғысын білдірді.

Ведомство басшысы Ақтөбе облысына қарасты Нұра кентінде егіз нәрестені дүниеге әкелген тұрғынға көмек көрсеткен ауылдық амбулатория дәрігерлері мен мейіргерлерін назарсыз қалдырмады.

Олар жалпы практика дәрігері Сауия Жамбылқызы Сатаева, мейіргерлер Айжан Қайырбекқызы Алханова, Айару Батырбекқызы Молшылық, аудандық гинеколог дәрігер Мейрамгүл Бақытқызы Нұрғалиева.

Министр осындай қиын күндерде бірлік пен өзара көмек қана барлық қиындықтарды жеңуге жәрдемдесетінін, дәрігерлердің халық денсаулығын сақтауда аянбай қызмет ететінін атап өтті.

Елімізде су тасқыны кезінде дәрігерлер 24 әйелді босандырып алған, барлық әйелдер мен балалардың денсаулығы тұрақты. Су тасқынынан ең көп зардап шеккен өңірлерде балалардың ауруханаға түсуі тіркелмеген.