Ұрпақтар сабақтастығы

0 38

 

Өткен аптаның жұмасы күні, А.Асқаров атындағы колледжде «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласының аясында және Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай, жерлесіміз, қазақтың белгілі ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шырын Мамасерікованың жастармен «Ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында кездесу кеші болып өтті.

Аталмыш кездесуге аудандық «Меркі тынысы» газетінің бас редакторы Әтіркүл Исаева, жастар мекемесінің қызметкерлері және колледж студенттері қатысты.

Иә, кездесудің «Ұрпақтар сабақтастығы» деп аталуы текке емес. Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Алайда, біз бұл күнге оңай қол жеткізгеніміз жоқ. Бұл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома емес. Бүгінгі ұрпақтың осындай Тәуелсіз, арманы асқақ, мақсаты айқын, дамудың даңғыл жолына түскен елде, бейбітшіліктің аспанында өмір сүруі – сонау тамыры тереңдерден бастау алатын, бабаларымыздан жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығының арқасында екені анық. Ата-бабаларымыз қаншама ғасырлар бойы жерімізді жауға бермей, қасық қаны қалғанша қорғаштап, жанын пида етіп, осынау Ұлы даланы бүгінгі ұрпаққа аманаттап жеткізді. Осы орайда, бүгінгі ұрпақтың да басты міндеті – өзінен кейінгі ұрпаққа бабалар аманатын аман-есен жеткізу болмақ. Ал, қазіргідей жаһандану үрдісінің тұманы қалыңдай түскен шақта, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, болашаққа бағдаршам жасау – сіз бен бізге ортақ іс. Сондықтан, ұлыларымызды ұлықтап, үлкендер салған сара жолға жас буынды бастай білсек, ұрпақтар сабақтастығы деген осы да. Шын мәнінде, рухани жаңғыру дегеніміз де осы емес пе?!.

Осы тұрғыда, кештің басты қонағы Шырын әпкеміз (суретте) де жастармен салиқалы сұхбат жүргізе отырып, көзі көрген ұлық кісілердің өнеге өсиеттерінен және өзінің өмір жолынан түйген өмірлік тәжірибелерін ортаға салып, жастарға деген ақыл-кеңестерін берді. Шырын Мамасерікқызы өмірін ұстаздық етіп, ұрпақ тәрбиесіне арнаған, сондай-ақ, табиғаттың өзі сыйға тартып, бойына дарытқан ақындық деген ұлы қабілетті жанына серік етіп, қыл қаламымен халықтың шерін тарқатып жүрген жан. Сол жолда оның елім, жерім деген талай азаматтармен тағдыры тоғысқан. Шырын әпке бүгінгі күні халықтың ықыласы мен құрметіне бөленуіне Меркі топырағынан түлеп, ауданымыз бен еліміздің өркендеуіне өлшеусіз еңбегі сіңген Асанбай Асқаров, Оспан Үмбетов, Қаратай Адамбаев, Қайсарбай Ыдырысов сынды және т.б. азаматтар мен сол кісілердің көрсеткен өнегелерінің ықпалы зор болғанын атап өтті. Ал, ақындық жолында Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Сәбит Мұқанов, Сағи Жиенбаев сияқты және т.б. қазақтың біртуар алыптарымен кездесіп, сұхбаттас болғанын, солардан ақыл-кеңес алып, көп нәрсені үйренгенін айтты. Сол сияқты, бүгінгі жастардың да аға буыннан үлгі алып, осындай ұрпақтар сабақтастығын жалғастыратынына мол сенімін білдірді. Шырын Мамасерікова, осы орайда, қазіргі уақытта да ізгі амалдарды бойтұмар еткен жастардың қоғамда көп екенін қуанышпен тілге тиек етті. Мысалы, еріктілер қатарында қызмет ететін №9 Меркі колледжінің студенттері: Алиева Зейнаб, Асадова Севиль, Сатылған Ақерке және Ағакерім Сакина Шырын әпкенің үйіне аптасына бір рет барып, үй жұмыстарына көмектеседі екен. Аталған қыздарға және сондай тәрбиелі, үлгілі ұрпақ өсіріп, тәрбиелеген ата-аналарына Шырын әпкеміз аналық алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Ақын жаны әр нәрсеге алаңдағыш келеді, айналадағы жағымды жаңалықтардан да, кірбең тірліктерден де шабыт алып, соған сәйкес ішіндегі жан тебіренісін қағазға тереді. Ақын әпкеміз жастардың осы тұрғыдағы сұрақтарына жауап берді. Мысалы, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындарында жерлесіміз Елдос Сметовтың көрсеткен ерлігінен шабыт алып, оның күміс жүлдесі алдағы уақытта алтыннан болсын деген ниетпен жүрегін жарып шыққан өлең жолдарын оқып берді. Сондай-ақ, дер кезінде танытқан азаматтықтарына тәнті болғандықтан, Әтіркүл Тәжібекқызына және А.Асқаров атындағы колледждің директоры Шұға Мұтаеваға арнаған өлеңдерін де оқып, аталған кісілердің істерін жастарға үлгі етіп айтты.

Одан кейін, кеш қонағы Әтіркүл Тәжібекқызы сөз алып, кездесу тақырыбына сай, жастармен әңгіме өрбітті. Ұрпақтар сабақтастығы рухани дамумен ғана көрініс табатынын айтып, осы бағытта Шырын әпкеміздің еткен еңбегі көп екенін, осы жолда әлі де қызмет етіп келе жатқанын жеткізді.

Кештің соңында, «Жастар ресурстық орталығының» бизнес бапкері, осы кештің негізгі ұйымдастырушыларының бірі Назерке Айдарбек сөз сөйлеп, Шырын әпкеміздей үлкендерді ұлықтап, құрмет көрсету, олардың өмір жолын үлгі тұтып, еңбектерін насихаттау – жастардың басты міндеті, әрі әрдайым назарында екенін жеткізді.