Жамбыл облысында 11,5 млн теңгенің малын ұрлаған үш адам ұсталды
Жамбыл облысы Сарысу ауданында прокуратура мен полицияның бірлескен шаралары нәтижесінде жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының қорытындысымен мал ұрлығына қатысы бар үш тұрғын қолға түсті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Анықталғандай, аталған тұлғалар 2025 жылдың 10 қазаннан биыл 7 наурызға дейінгі аралықта түнгі уақытта жайылымдардан айдап әкету арқылы жалпы сомасы 11,5 млн теңгенің 23 бас малын ұрлаған.
Қазіргі уақытта жәбірленушілерге келтірілген залал толық өтелді.
Қылмыстық кодекстің188-1-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іс айыптау актісімен мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.
Сонымен қатар 3 бас малды ұрлаған басқа тұлғаға қатысты сот айыптау үкімін шығарды. Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, оған нақты бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Жалпы, ағымдағы жылы аудан аумағында мал ұрлығына байланысты 9 қылмыс тіркеліп, оның 7-еуі ашылды, бұл 77,7%-ды құрайды.
Прокуратура бөтеннің малын ұрлағаны үшін Қылмыстық кодекстің 188-1-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылық көзделгенін, мүлікті тәркілей отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін екенін ескертеді.