«Ауыл аманаты» Меркіде жаңа жобаларға жол ашты
Жамбыл облысының ауылдық аумақтарында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы тұрғындардың өз кәсібін бастауына және жаңа жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік беріп келеді. Соның бір мысалы – Меркі ауданында қолға алынған кәсіпкерлік бастамалар. Бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алған ауыл тұрғындары өндіріс пен қызмет көрсету салаларында жаңа жобаларын іске қосып, жергілікті экономиканың дамуына үлес қосуда, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Бүгінде Меркі ауданында бағдарлама аясында жалпы құны 388,8 млн теңгені құрайтын 36 жоба ұсынылып, оның 20-сы қаржыландырылған. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар бағдарлама ауылдағы экономикалық белсенділікті арттырып, жергілікті жерде жаңа қызмет түрлерінің қалыптасуына жол ашуда.
Жамбыл ауылының тұрғыны Абылай Нұрманбетов жеңілдетілген несие арқылы 7 млн 35 мың теңгеге жиһаз өндірісіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Қазір кәсіпкер цех жұмысын жолға қойып, тұрғындардан тапсырыс қабылдап, дайын өнімдерін ауданның ішкі нарығына ұсынып отыр.
Ауылдағы кәсіп түрлерін әртараптандыру бағытында Нұрдәулет Орақбаев фибробетон өнімдерін өндіруді қолға алған. Кәсіпкер қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, ауданда сирек кездесетін өндіріс түрін дамытып отыр. Ал Ғалібек Төкеев заманауи технологияны таңдаған. Ол 3D-принтер сатып алып, түрлі бұйымдарға тапсырыс қабылдап, жаңа қызмет түрін қалыптастыруда.
Бағдарламаның ауыл шаруашылығына берер мүмкіндігі де мол. Сарымолдаев ауылының тұрғыны Ерлан Намазбаев агродрон сатып алып, егістік алқаптарын дәрілеу және тыңайтқыш себу қызметін іске қосқан. Қазіргі таңда кәсіпкер жергілікті шаруаларға заманауи технология негізінде қызмет көрсетіп келеді. Бұл ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды қолданудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Ауыл аманатының» негізгі ерекшелігі – ауыл тұрғындарына кәсіп бастауға нақты мүмкіндік беруінде. Бағдарлама аясындағы жобалар арқылы өндіріс пен қызмет көрсету бағыттары кеңейіп, жергілікті нарықтағы сұранысты өтеуге жағдай жасалуда. Мұндай бастамалар ауыл тұрғындарының табысын арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.
Осылайша, Меркі ауданындағы кәсіпкерлік жобалар «Ауыл аманаты» бағдарламасының ауыл экономикасын жандандыруға бағытталған нақты тетіктерінің бірі екенін көрсетіп отыр. Бастысы – тұрғындарға мүмкіндік беріліп қана қоймай, сол мүмкіндікті тұрақты кәсіпке айналдыруға жағдай жасалуда.