Ойтал ауылынан ақжолтай хабар

0 44

Егеменділік алған еліміз іргесін бекітіп, ішкісыртқы саясатын бекемдей, өз экономикасын ілгерілету бойынша «Азияның барысы» атанған соң, келесі бір маңызды бағыт  – руханият  тұнығынан сусындауға да   қолайлы  жағалауға  шығып  тұр.

Осы тұрғыда Алаш баласы үшін қасиетті саналатын жұма күні Сарымолдаев ауылдық округінің Ойтал ауылында «Намазхана» мешітінің (жоғарғы суретте) ашылу салтанаты болып өтті.

Тегінде, әрқайсымыздың туған ауылымыз, қарсы айтар уәж жоқ, алтын бесігіміз болғанымен, Меркі жұрты үшін алақандай Ойталдың орны бөлек. Себебі, Ойтал – қазақы иісі анадайдан аңқыған берекелі ауылдың бірі ғана емес, бірегейі. Себебі, Ойтал – өткен ғасырдың басында құлдықтан құтыламыз – деп ұрандатқан ұлтымыздың кешегі ер ұлдары Ақкөз бен Қабылбектің кіші Отаны. Тағы бір себебі, киелі жерден ойып алған орны бар Ойтал – қазақтың сатира өнерін әлемге танытып, сатираның сардары атанған Қожакеевтің, отандық журналистика саласының салмақты жүгін арқалап, оның өзіндік жүйесін жасақтаған Омашевтің ауылы. Айта берсек, соңғы жылдары бие сауып, қымыз өндірген, сол бал қымызы арқылы Ойтал брендін қалыптастырған да  халқы қонақжай, жері малға жай осы Ойтал емес пе!?

Міне, жамағаттың басы қосылып, Аллаға құлшылық жасап, Жаратқанға тәу ететін қасиетті құт-мекен – жаңа мешіт үйінің ашылуына аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринат Жантаев, ауданымыздың бас имамы Нұрбек Жанықұлов, осы мешіттің  алғашқы  іргетасын  қалап, бой көтеруіне демеушілік жасаған жерлестеріміз, қазіргі кезде Алматы қаласының тұрғындары, ерлі-зайыпты  Арғынбек Тілеуханұлы мен  Күлмағрия Кәденқызы арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ, салтанатты жиынға   округ әкімі Сәбит Бәбіжанов, округтегі ардагерлер ұйымының төрағасы Байсейіт Жылысбаев, ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Жұматаев, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Әтіркүл Исаева,  27 жыл бойы Ойталдағы ескі мешітте имамдық қызмет атқарған, бұл күндері марқұм ағамыз Естайбек Бестайбекұлының жары Оразкүл Қадырқожақызы мен ұлы Нұрмұхаммед Мамырбеков,  ауыл тұрғындары, сонымен қатар,  ақжолтай хабарды есіте, жақсы істің басынан табылуға тырысып, алыс-жақыннан ат арылта  жеткен қонақтар қатысты.

Жиналған ел алдында іс-шараны жүргізуші,  белгілі мәдениет қызметкері Ғабит Рақышев демеушілер мен ойталдықтардың бірлігі мен ынтымағы арқасында іс жүзіне асқан  берекелі   жұмыстың нәтижесі – мешіт үйінің ашылуымен көпшілікті құттықтаған соң,  Дастан қари бақилық болған барша мұсылмандарға бағыштап құран оқыса, ауыл ақсақалы Мұрат Жұматаев қол жайып отырған күллі жамағат алдында ақ батасын берді.

Одан кейін сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев қазіргі қоғамдағы дін саласының орны мен рөлі туралы ақпар беріп, имандылыққа үйіретін қасиеті жоғары, жаңа  мешіт үйінен тәлім алатын жамағат, оның ішінде, әсіресе, жастарды көпшіл болуға, ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті сақтауға шақырып, демеушілерге деген алғысын да жеткізді.

Келесі сөз алған Байсейіт Жылысбаев ағамыз да ауылдың іші берекеге толып, ауызбіршіліктің арта беруіне негіз болатын қауқары бар мешіттің ашылуымен қызу құттықтап өткен соң, жоғарыда аталған Оразкүл Қадырқожақызы мен Нұрмұхаммед Мамырбековтер де өз пікірлерін білдіріп, Естайбек қажының ой-арманы болған жаңа мешіттің ашылуын жұртты одан әрі имандылыққа баулитын іргелі де берекелі іске балады.

Міне, көпшілік алдына осынау істің басталуына құс қанаттарымен су бүркіп, демеуші болған Арғынбек Тілеуханұлы мен Күлмағрия Кәденқызы шығып, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірген соң, ойталдық жамағат атынан олардың иықтарына,  тиісінше, шапан мен  камзол жабылып, ерекше ілтипат көрсетілді.

«Намазхана» мешітінің ашылуында лента кесу рәсімі құрметіне аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев пен демеуші Арғынбек Тілеуханұлы және ауыл жанашыры Мұрат Жұматаев ағаларымыз ие болысты (ортадағы суретте).

Одан кейін мешіт ішін аралаған көпшілік ауданымыздың бас имамы Нұрбек Жанықұловтың елді ауызбіршілікке шақыратын уағыз-насихатын тыңдап (төменгі суретте), жамағаттың жаңа мешіттегі алғашқы жұма намазы оқылды. Ал, ауыл асханасында жайылған дастархан басында әруақтарға құран бағышталып, жасы үлкендердің демеушілерге деген шексіз алғыстары айтылған  өсиет сөздеріне де құлақ салынды.

Сөз соңында айта кететін жайт, Ойтал ауылында бұрын-соңды арнайы мешіт үйі болмаған екен. Тек Тәуелсіздік жылдары ғана ескі клуб үйін паналаған ауыл жамағаты үшін  барлық инфраструктуралық жағдайы қарастырылған жаңа мешіттің ашылуы, шын мәнісінде, үлкен қуаныш болғаны рас. Ал, оның іргетасы қаланып, бой көтеруіне ұйытқы болған ерлі-зайыпты жандарды жоғарыда атап өттік. Десек те, қосымша күш болып, өз көмектерін аямаған басқа да демеуші  азаматтардан басқа, ауыл түлектері – жаңа мешіттің имамы болып тағайындалған Жанболат Олжабаев, сондай-ақ,  Бекзат Жұмабеков, Берік Құтпанов, Досжан Мүсілімов, Ғани Айылшиев сынды жастарға ойталдықтардың дән риза екенін білдік. Олар ендігі кезекте мешіт жанынан заман талабына сай 250 орындық асхана салуды да жоспарлап отыр екен. Сұрастырып көрсем, бұл жоба да пісіп-жетілген іс сыңайлы, осы ретте, іске сәт, ойталдықтар, демекпіз!