Комиссия отырысында өзекті мәселелер қаралды

0 9

Жамбыл ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осыған байланысты аудан әкімдігі жанындағы «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова жүргізді. Оған құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері мен аудандық бөлімдердің басшылары қатысты.

Комиссия отырысында бірнеше өзекті мәселе қаралды. Атап айтқанда, интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша Жамбыл ауданында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі мен тиімділігі сараланды. Сонымен бірге адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу шаралары және бұған дейінгі комиссия отырысында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қуанышбек Тазабеков, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Қуат Ошақбай, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Мақсат Мадимаров баяндама жасады. Бұдан бөлек, Бесағаш, Көлқайнар және Өрнек ауылдық округтерінің әкімдері атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.

Жиында баяндамалар тыңдалып қана қоймай, жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың нәтижесіне де назар аударылды. Облыстық полиция департаменті профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Данияр Асылбеков хаттамалық тапсырмалардың орындалуына тоқталып, жауапты мамандарға бірқатар ескерту мен ұсынысын жеткізді.

Оның айтуынша, есеп беруде көрсетілген сандық мәліметтерді ұсынумен шектелмей, олардың нәтижесіне талдау жасау қажет. Яғни атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі қандай, қандай мәселелер шешілді, қай бағытта әлі де жұмыс жүргізу керек деген сұрақтарға басымдық берілуі тиіс.

Әсіресе интернет алаяқтықтың алдын алу кезінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, сақтық шараларына мән беру қажеттігі айтылды. Адам саудасының алдын алу бағытындағы жұмыстарды да жүйелі жүргізу, жауапты мекемелердің өзара іс-қимылын күшейту мәселесі назардан тыс қалмады.

Комиссия отырысын қорытындылаған Махпал Сатыбалдықызы жиында көтерілген мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. Хаттамалық тапсырмалардың уақытылы орындалуын қамтамасыз ету, анықталған кемшіліктерді түзету және профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.

Жамбыл ауданында заң мен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.