Бала қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет

0 10

Баланың көңіліндегі өзгерісті дер кезінде байқау оңай емес. Кейде оның тұйықталып, қатарластарымен араласудан қалуы немесе бұрынғы әдетінен өзгеруі жай ғана өтпелі кезең секілді көрінуі мүмкін. Алайда мұның артында үлкен мәселе жатуы ықтимал. Әсіресе соңғы жылдары балалар арасындағы буллинг мәселесі ата-ананы ғана емес, тұтас қоғамды алаңдатып отыр, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Қатарластарынан жәбір көрген бала өз мәселесін бірден ашып айтпауы мүмкін. Мазаққа ұшырау, кемсіту, ортадан шеттету оның жан дүниесіне ауыр әсер етеді. Сондықтан мұндай жағдайдың алдын алу үшін балаға жақын болу, оны тыңдай білу және уақытында көмек көрсету маңызды.

Осы мәселелер Талас ауданындағы балалар өнер мектебінде «Балаға жақын қоғам» жобасы аясында өткен кездесуде кеңінен сөз болды. Басқосуды аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов жүргізді. Жиынға облыс әкімдігі балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Мырза-Ғали, облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева, облыстық психологиялық қолдау орталығы «Психологиялық жұмыс» бөлімінің басшысы Айжан Ережепова, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен ата-аналар қатысты.

Кездесуде биыл қабылданған 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының негізгі бағыттары таныстырылды. Құжат балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғауға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға бағытталған. Тұжырымдамада қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау, отбасы құқығы және әлеуметтік қорғау салаларындағы мәселелер қамтылған.

Балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында да бірқатар шара көзделген. Атап айтқанда, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету кабинеттерін ашу, психологиялық диагностиканың бірыңғай цифрлық платформасын қалыптастыру, мектептерде педагог-психологтардың жұмысын күшейту мәселелері қарастырылған.

Бұл жөнінде облыс әкімдігі балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Мырза-Ғали айтып өтті. Оның мәліметінше, бүгінде Талас ауданында 17 мыңнан астам бала бар. Сондай-ақ 3604 отбасы дағдарыстық жағдайда тұр деп есепке алынған. Балалардың құқығын қорғау бағытындағы жұмысты жергілікті жерде күшейту үшін алдағы уақытта аудандарда арнайы бөлімдер ашу жоспарланып отырғаны да айтылды.

Жиында облыстық «Аналар кеңесінің» атқарып отырған жұмысы да назардан тыс қалмады. «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева ана тәрбиесінің бала өміріндегі орнына тоқталып, кеңес мүшелерінің түрлі бағыттағы жұмыстарын атап өтті.

– Облыстағы 38 «Аналар кеңесінің» құрамында мың жарымға жуық мүше бар. «Барыңды бағала», «Балам, заңнан аттама», «Бес кеселмен жұмыс» бағыттары бойынша әртүрлі деңгейде кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бала – ата-ананың үміті ғана емес, елдің болашағы. Сондықтан бала тәрбиесіне қатысты мәселеде бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет, – деді Мүбарак Жинақбаева.

Ал аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Бағлан Алтай жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ол ювеналды полиция тобының тоғыз айдағы жұмысы туралы баяндап, бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ата-ананың қадағалауы маңызды екенін атап өтті.

Кездесудің ерекшелігі – ата-аналардың да пікір алмасуға белсенді араласуында болды. Балалар арасындағы буллингке арналған фильмнен үзінді көрсетіліп, оның мазмұны төңірегінде ой қозғалды.

Бала тәрбиесінде ата-анаға кейде нақты жағдайда қалай әрекет ету керегін білу де маңызды. Осы ретте облыстық психологиялық қолдау орталығы «Психологиялық жұмыс» бөлімінің басшысы Айжан Ережепова ата-аналармен арнайы жұмыс жүргізді. Түрлі ойындар ұйымдастырып, кейстік сұрақтар арқылы бала мінез-құлқындағы өзгерістерді қалай байқауға және мұндай жағдайда қандай қадам жасауға болатынын талқылады.

Шындығында, баланың көңіл-күйіндегі өзгеріс – ата-ана назарынан тыс қалмауы тиіс белгі. Оның тұйықталуы, ашушаң болуы, мектепке баруға құлықсыздық танытуы немесе достарымен араласудан қалуының өзін елеусіз қалдыруға болмайды. Мұндай кезде ақыл айтудан бұрын баланы тыңдап, оған өзін қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыру қажет.

Басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов, аудандық Отбасын қолдау орталығының директоры Кендия Пірман, аудандық «Әкелер кеңесінің» төрағасы Ілес Нұрұлы және аудандық «Аналар кеңесінің» төрағасы Данагүл Молдабаева да бала тәрбиесіне қатысты ойларын ортаға салды.

Жиын соңында аудандық «Аналар кеңесіне» балаларға арналған кітаптар табысталды.

Балаға қатысты мәселені бір ғана мекеменің міндеті деп қарауға болмайды. Мектеп, ата-ана, полиция, психолог, қоғамдық ұйымдар мен отбасы бір бағытта жұмыс істегенде ғана бала өзін қауіпсіз сезіне алады. Ал оның қауіпсіздігі мен құқығын қорғау – ортақ жауапкершілік.

Кездесуді қорытындылаған аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов та осыған назар аударып, бала қауіпсіздігі жауапты сала мамандарының ғана емес, ата-аналардың да басты міндеттерінің бірі екенін еске салды.