Мәдениет – асыл мұра, рухани байлық

0 22

Дүйсенбі күні, аудандық Мәдениет үйінде 21-мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің төл мерекесіне орай салтанатты жиын болып өтті, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Ұлттық мәдениетіміз бен өнер саласының дамуы жолында оның алтын қорына үлес қосып, бұл күндері өздерінің бай тәжірибелерімен бөлісіп жүрген еңбек ардагерлері мен өңіріміздің өнер саңлақтары бас қосқан жиынға аудан әкімі Руслан Нұрсипатов, аудандық мәслихаттың хатшысы Мұратбек Көкірекбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев, сонымен қатар, ауданымыздың зиялы қауым өкілдері қатысты.

Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Руслан Маратұлы мәдениет арқылы ұлтымыздың бет-бейнесін, рухани болмысы мен парасатын айқындауға болатынын тілге тиек етіп:

–  Мәдениет    майданы белгілі бір өңірдің ұрпақтар сабақтастығымен ілгерілеп, осы күнге жеткен ұлттық құндылықтарымыз бен аталар мұрасының жиынтығын көрсететін басты сала. Өркениетті ұлттың көрсеткішіне келсек, оның алдында ел тарихы, онымен астарласа жатқан өзгеге ұқсамайтын бай мәдениеті, сол мәдениет пен өнерді ұлықтаған ұлы тұлғалары тұратыны тегін емес. Сондықтан, ауданымыздың рухани тіршілігіне су тамызып, оның гүлденуіне атсалысқан, бұл күндері еселі еңбек етіп жүрген мәдениет пен өнер қызметкерлері үшін бүгінгі күн ерекше атаулы дата. Міне, ортамызда жастары жасамыс тартса да айтар әніміз, дөңгелене билейтін биіміз бар дейтін  «Береке» (төменгі суретте) және «Память» атты әжелер тобының мүшелері отыр. Олар өнер өлкесінің өр биігіне шығып, жастар жалғасын табуы тиіс ұлттық бай мұраны аяқ асты етпей, алақандарына салып, аялап келеді. Сол үшін де Сіздерге мың алғыс айтпақпын, қабыл алыңыздар! Байқаймын, қазіргі сахна төрінде жүрген өнер саңлақтары да осы жолдың биік баспалдақтарына талмай, қажымай шығып келеді. Мәдениет қаншалықты дамыса, қоғамның алар орны сол дәрежеде. Осы тұрғыда, сіздерге шоқ жұлдыз болып жарқырай беруді тілеп, бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтап өтуді жөн санап отырмын – деп, марапаттау рәсімін өткізді.

Сонымен, кәсіби мерекелеріне орай, мәдениет пен өнер саласының өркендеуіне қосқан сүбелі үлестері ескерілген, ешқандай жарнамасыз-ақ ел танитын азаматтар –  Шырын Мамасерікова, Алтынбүбі Тілеулинова, Есен Балақұлова, Сұлушаш Сексенова, Советкүл Рахымбаева, Мариякүл Увалиева, Якүл Тілеуқұлова, Сағымкүл Тортаева, Бектай Әлімбай, Қыдырәлі Бөрібаев, Медербек Өзбеков, Абдухамит Жұмаходжаев пен Абзар Исмаиловтар аудан әкімінің арнайы сыйлықтарымен марапатталып, зор қошемет көрді (жоғарғы  суретте).

Төл  мерекелері   аясында  аудандық Мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Болат Жақсылықов, костюмер Гүлнар Орманқұлова, орталық кітапхананың бірыңғай кітап қорының меңгерушісі Айман Құрамаева, Ойтал ауылдық кітапханасының кітапханашысы Рита Айтжанова, аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Айдын Базилов, балалар кітапханасының кітапханашысы Гүлзида Рысбаева мен «Память» ардагерлер хорының жетекшісі Ольга Кисельман аудан әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.

Осы мерекелік іс-шара барысында еңбегі елеулі деп табылған бірқатар азаматтар аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың Алғыс хаттарымен марапатталып, құрмет көрсетілді. Олардың қатарында аудандық тарихи-өлкетану музейінің бөлім жетекшісі Айман Жүрсінәлиева, ауылдық мәдениет үйлер мен клубтар жүйесінің меңгерушісі Нұрдәулет Исатаев, аудандық Мәдениет үйі әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Сейдалы Аманжолов, Т.Рысқұлов ауылдық клубының меңгерушісі Тәттігүл Болысбекова және тағы басқалар болды.  Сонымен қатар, бірқатар өнер қырандары аудандық Мәдениет үйі басшылығы атынан  марапат алып, еңбектері бағаланып жатты. Бұл марапаттарды тапсыру құрметіне еңбек ардагерлері Ш.Мамасерікова, А.Тілеулинова, Қ.Бөрібаев пен Б.Әлімбай сынды азаматтар ие болысты. Айта кететін жайт, кәсіби мерекеге орай, мәдениет саласының ардагері Нышанбай Қаныбетов салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісін алса, аудандық Мәдениет үйінің жезтаңдай әншісі Гүлнұр Нұрлыбаева «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Мәдениет майталманы» медалін кеудесіне тақты.

Жиын кезінде ортаға шыққан белгілі ақын Ш.Мамасерікова мен еңбек ардагері А.Тілеулинова аудан басшылығы мен  көпшілікке арнаған алғысын жеткізіп, өнер қызметкерлеріне шығармашылық табыстар тілесе, сазгер-термеші Б.Шошабаев мерекеге арналған туындысын орындап берді.

Салтанатты жиынның соңы аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына  ұласып, көпшілікке жағымды көңіл-хошы сыйға тартылды.