Барыңмен бөліссең, биіктейсің
Ағымдағы аптаның басы жағымды жаңалықпен бастау алды. Дүйсенбі күні аудандық білім мен тәрбие беру мекемелерінің басшылары дайындаған, әлеуметтік жағынан аса қажетті, бірінші кезекте саналатын азық-түлік түрлерінен тұратын 100 себет арнайы тізімде тұрған, ауданымыздағы аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен күтімінде кәмелет жасына жетпеген ұл-қыздары бар жалғызілікті аналарға табыс етілді.
Аталған «Шын жүректен» іс-шарасы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 игі іс» марафоны аясында өтті.
Аудан орталығындағы әлеуметтік дүкендер орналасқан алаңда үлестірілген аталған көмектің жинақталуына білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева мен «Ақжүніс» қайырымдылық қорының төрайымы Райкүл Сапарғалиеваның ұйытқы болуымен қатар, аудан мектептерінің басшылары да айтарлықтай үлестерін қосқанын айтып өткеніміз жөн.
Мысалы, аудан педагогтары, оның ішінде, №9 Трубицын атындағы мектеп-гимназиясының директоры Гүлжан Тілеубердиева, №3 Қызыл қыстақ ЖОББМ-нің директоры Елеу Сауырбаев, №5 Ақарал мектеп-лицейінің директоры Нұрила Қойшыманова, №16 ЖОББМ-нің директоры Гүлжамал Мұратова, оқушылар «Үміт» сарайының басшысы Зәуре Бейсенбаева, «Өркен» шығармашылық орталығының директоры Үрияхан Мамикова және т.б. осынау сауапты істің басы-қасынан табылып, өзгенің мұқтаждықтарына бей-жай қарамайтындықтарын тағы бір мәрте дәлелдеді.
– Әр педагог қарауындағы балалардың сұранысын, тіпті, олардың ата-аналарының ішкі мұң-күйзелісін айтпай-ақ ұғатын, сол үрдісте біте қайнасып, қалыптасқан кәсіби психолог дер едік. Осы ретте, бұл қайырымдылық акциясын бірден құп алып, белгілі бір жанұя мүшелеріне қуаныш сыйлап, олардың толыққанды қоғам мүшелері екеніне көздерін жеткізіп, сонымен қатар, мұқтаж жандарға қол ұшын созатын сенімді серіктер жақыннан табылатынын білдіруге атсалыстық. Қазақ әрқашанда жетімін жылатып, жесірін жабырқатпаған ел. Ал, қазіргі Тәуелсіздік кезеңінде «Әр қазақ – менің жалғызым, әр қазақстандық – менің отандасым!» ұранымен алға жылжу – әрбіріміздің міндетіміз болуы шарт. Бұл акция біз үшін қосымша болған қауырт жұмыс емес, бұл арқылы біздер адамгершілік нормаларының бір ғана бөлігін орындай алдық. Өзгелер тарапынан аталған акцияны жалғастырып әкетсе деген сенімге де иеміз, – дейді Елеу Сауырбаев, Гүлжан Тілеубердиева (суретте) мен Нұрила Қойшыманова сынды білім саласының білгірлері жүрекжарды ой-пікірлерін жеткізу барысында.
Ал, енді, жоғарыда аталған «Ақжүніс» қайырымдылық қорына келсек, оның төрайымы Райкүл Атамбекқызы жуырда аудан әкімі Руслан Нұрсипатовтың қабылдауында болып, пандемия кезінде өсе түскен жұмыссыздық пен оның салдарын жою мақсатында аудан мекеме-ұжымдарымен бірлесе жұмыс жасаудың жолдарын қарастырып, біріге ой бөлісе ортаға салған екен. Өз кезегінде, Руслан Маратұлы аудан орталығындағы әлеуметтік дүкендердің бір дүңгіршегін «Ақжүніс» қайырымдылық қорына офис ретінде ұсынып, ел үшін еңбек етуді құптайтынын білдіре келе, қордың жұмысына өз тарапынан да бар көмекті көрсететінін жеткізген болатын-ды.
Аудан басшысының бұл қолдауының тегін еместігін, оның артында жақсылық жасауға жақындықтың құлшынысы жатқанын байқадық, яғни, қолдау құр сөзбен емес, қайырымдылық ісімен үйлескенін айта кеткеніміз абзал. Осы тұрғыда, «әкім бол, халқыңа жақын бол» принципін ұстанған өңір басшысы Р.Нұрсипатовтың өз қаражаты есебінен 100 азық-түлік себетін дайындап, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға үлестіргенін есіткен болатынбыз. Артынша іле-шала аудандық жұмыспен қамту орталығы, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомомиль жолдары бөлімі, аудандық полиция бөлімі мен түрік этномәдени орталығы да ұлағатты істің жалғасы іспетті аталған қайырымдылық қоры арқылы азық-түлік таратса, сонымен қатар, жеке кәсіпкер Б.Хасанбаев та 290 келі сиыр етімен бөліскені бар.
Иә, арамыздағы әлсіз топтардың уақытша күйзелісін айтпай-ақ түсініп, оған қол жалғап, барымызбен бөлісіп жүрсек бұл фәнидегі ұтпағымыз осы ғана, ағайын.