IT бағытындағы білім ошағының мүмкіндігі кеңейеді

0 3

Қазіргі таңда білім саласында баланың қабілетін ерте танып, оны дамытуға мүмкіндік жасауға айрықша мән берілуде. Әсіресе цифрлық технология мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде осы бағытқа бейімі бар жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау маңызды. Тараздағы дарынды балаларға арналған IT-лицей-интернатының кеңейтілуі де осы мақсаттан туындап отыр. Жақында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Балауса шағынауданындағы білім ошағына барып, салынып жатқан қосымша ғимараттың қазіргі жағдайымен танысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Бүгінде мұнда 325 оқушы білім алып жүр. Оқу орнына сұраныстың артуына байланысты ғимаратқа қосымша нысан салу қажеттілігі туындаған. Осыған орай үш блоктан тұратын жаңа ғимараттың құрылысы қолға алынған. Жоба аясында 300 орынға арналған оқу блогы мен дәл сондай орынға шақталған жатақхана бой көтеруде. Бұған қоса асхана, спорт залы, акт залы және кітапхана қарастырылған. Құрылыс жүргізіліп жатқан жер телімінің аумағы 12 256,45 шаршы метрді құрайды.

Құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың мәліметінше, қазіргі таңда жұмыстардың 98 пайызы аяқталған. Яғни нысанның негізгі бөлігі дайын. Ендігі жерде қалған жұмыстарды ретімен аяқтап, ғимараттарды пайдалануға беру мәселесі тұр.

Жаңа жатақхананың іске қосылуы лицей-интернаттағы орын тапшылығын да едәуір жеңілдетпек. Бұған дейін білім ордасында небәрі 45 орындық жатақхана болған. Жаңа нысан пайдалануға берілген соң жатақханадағы орын саны 345-ке дейін көбейеді.

Нысанның құрылысын аралаған облыс әкімі бұл жобаның білім саласы үшін маңыздылығына тоқталды.

– Өздеріңізге белгілі, биыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Мемлекет басшысы бұл бағыттарды ел дамуының негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап отыр. Бұған дейін қаржыландыру мәселесіне байланысты дарынды балаларға арналған IT-лицей-интернатына қосымша ғимарат салу жұмыстары баяулаған еді. Қазір бұл мәселе толық шешілді. Бұл – облыс үшін маңызды әлеуметтік нысандардың бірі. Ендігі міндет – қалған жұмыстарды сапалы әрі уақтылы аяқтау. Үш блок та толық дайын болып, қазан айының соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Жаңа ғимараттың бой көтеруі лицей-интернаттың материалдық базасын кеңейтіп қана қоймай, білім алушыларға қолайлы жағдай жасауға жол ашпақ. Әсіресе жатақхана орындарының көбеюі шалғай елді мекендерден келген оқушылар үшін маңызды мүмкіндік болмақ.

Бүгінде ақпараттық технологияны меңгерген, жаңашылдыққа бейім жастарға сұраныс жоғары. Сондықтан IT бағытындағы білім ошағының мүмкіндігін кеңейту – уақыт талабынан туындаған қадам. Жаңа оқу блогы мен жатақхананың пайдалануға берілуі лицей-интернаттың тынысын кеңейтіп, білімге ұмтылған дарынды жастардың қатарының артуына ықпал етпек.