Облыстық пікірсайыс

0 45

Өткен аптада Меркі ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі және аудандық білім бөлімінің «Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталығының бірлесе ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай, «Жастар – қоғамның жаңару жолы» атты облыстық пікірсайыс турнирі өткізілді.

Шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 9-ақпандағы «Мемлекеттік жастар саясаты» туралы Заңын іске асыру, көшбасшы жастардың арасында білімді, білікті, тапқыр, ұшқыр ойлы, өз ойын жақсы дәлелдей білетін азаматтарды даярлау, жастарды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге ықпал ету, сондай-ақ, пікірсайысшылардың өзара тәжірибе алмасуына, оларды жаңа ұсыныстар мен идеялар қалыптастыруға баулу болып табылады. Сонымен қатар, егеменді еліміздің белсенді білім алушыларының Қазақ мемлекеттілігі, Тәуелсіздік құндылықтары мен «Мәңгілік Ел» идеясы аясындағы парасаттылық туралы ойларын бір арнаға тоғыстыру, азаматтық жауапкершілігі зор, жоғары парасатты, рухани жан дүниесі бай, эстетикалық талғамы дамыған және әлеуметтік бейімделген ұтқыр тұлғаны қалыптастыру мен дамыту, жастардың парасаттылығын, жоғары мәдениеттілікке тәрбиелей отырып, жаңа идеяларды айқындау және оны тиімді пайдалануға үйрету, облыс, аудан көлемінде пікірсайыс турнирлерін кең көлемде насихаттау және жастарды шешендік өнерге баулу еді.

Іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі директорының орынбасары А.Кушикбай және Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» Жастар қоғамдық бірлестігінің мүшесі, пікірсайыс турнирінің бас төрешісі Е.Сәбит сөз сөйледі.

Облыстық пікірсайыс турнирінде Тараз қаласы, Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Меркі, Шу аудандарынан 11 фракция мүшесі бақ сынасып, «Алау» фракциясы І орынды (Жамбыл ауданы), «Н2О» фракциясы ІІ орынды (Тараз қаласы), «НАТО» фракциясы ІІІ орынды (Меркі ауданы) иеленді. Ал, «Кемеңгер» фракциясы «Үздік талпыныс» (Байзақ ауданы), Тлеумұратов Нұрдәулет «Үздік төреші», Керімбек Тоғжан «Үздік спикер» (Жамбыл ауданы), Сарсенбай Шолпан «Ең үздік спикер» (Меркі ауданы) номинацияларымен марапатталды. Жастарды ынталандыру мақсатында, «Дегдар», «Руханият», «Парасат», «Феникс», «Құлагер», «Прогресс» және «Арланс» фракцияларының мүшелеріне сертификаттар табысталды. Жүлделі орын иегерлері арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жалпы, 40-тан астам жас қамтылған облыстық пікірсайыс турнирі санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді.