ХАЛҚЫНА ТИГЕН ПАЙДАСЫ

0 48

Айбарлы ата-бабаларымыздың бізге қалдырған аманаты – туған елдің топырағына тәу етіп, кіндік қаның тамған жер – өз мекеніңнің мерейін асыра қызмет етіп, оны әркімнің өз Меккесі деп тану үрдісі иісі қазақтың қашаннан бергі ізгі қасиеті һәм дәстүрге айналған ұлттық қағидаты болып есептеледі.

Десек те, нарық заманының өзіне тән ерекшелігі де болар, ішкі және сыртқы миграцияның әсерінен ауылдан алыс кетіп, өңірімізден қыр асып ұзағанымен туған жерден қол үзбеген жерлестеріміз де баршылық.

Міне, осы тұста, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың көтерген «Жомарт түлек» бастамасына өзіндік үн қосқан аудан әкімі Руслан Нұрсипатовтың қолға алған айтулы жобасы – «Жомарт түлек – 2021» атты меркілік түлектердің кездесуі сенбі күні аудандық Мәдениет үйінде өтті.

Меркі жерінде туып, қазіргі таңда еліміздің әр түкпірінде, тіпті, алыс-жақын шет елдерде ұлтымыздың атын шығарып, түрлі салада табысты тірлік жасап жүрген түлектердің басын қосқан алғашқы кездесудің идеясы маңызды, мақсаты да жоғары болды. Яғни, басты бағытымыз бұрнағы жылдардың белгілі түлектерін бір шаңырақ астына жинау арқылы бүгінгі кездесуге арнайы шақырылған мектеп бітірушілерге, жалпы, аудан жастарына олардың тағылымға толы өмір жолдарын насихаттап, үлгі ету. Сонымен қатар, табысты жерлестеріміздің әлеует арнасын ауданымыздағы кейбір әлеуметтік жобалардың тиімді жүзеге асуына бағыштау мен олардың өмірлік тәжірибесімен көзбе-көз танысу болатын.

Енді аталмыш «Жомарт түлек – 2021» түлектер кездесуіне арнайы іріктеліп, шақырту алған азаматтарға келсек, олардың қатарындағы Алаш баласына аттары таныс өнер мен шығармашылық, спорт пен білім саласының майталмандары – ҚР халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бағдат Самединова, өзі білім алған №13 мектепке құны 12 млн. теңге тұратын «СТЕМ» зертханасын сыйға тартқан Әбутәліп Мүтәлі, №8 мектептің түлегі, Израильдегі «Тамбур» корпорациясының басшысы Қанат Көпбаев, №5 Ақарал мектебінің түлегі, әнші-композитор, мәдениеттанушы Бағлан Бәбіжан, №6 Кеңес мектебін бітірген, қазіргі кезде ҚР Индустрия және инфрақұрылым министрлігінің департамент басшысы Данияр Меңілбеков, андасбатырлық азамат, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Андрей Линник, №48 мектептен шыққан спорт саңлағы, кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеев, №30 мектептің түлегі, фармацевтикалық зауыттың директоры Алтынбек Кикібаев, №5 мектепті 1992 жылы бітірген, шетелдегі Бристоль университетінің докторанты, профессор Бақыт Алтынбасов, №9 мектептен қанат қағып ұшқан түлектер Әріпжан Тұрғынбаев пен Арнат Байсейітовтар бұл кездесуге, өкінішке орай, қызметтік және т.б. себептермен қатыса алмағандарымен, жерлестеріне жолдаған арнайы бейнеқұттықтауларында өздерінің жүректері елмен бірге соғатынын айтып, сәттілік тілесті.

«Жомарт түлектер» мен өңіріміздің зиялы қауым өкілдері алдында алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Руслан Нұрсипатов облыс басшысы Б.Сапарбаевтың бастамасы бойынша тұсауы кесілген бүгінгі игі істің маңызы мен мәніне терең бойлай келіп:

– Осындайда Елбасы Н.Назарбаев өзінің бір еңбегінде «Қазақстандықтардың бойында Отан алдындағы перзенттік парызын түсінетін, өзінің өскен өлкесіне, ауылына, қаласына, оның тарихы мен мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарауға үндейтін шынайы патриотизмді қалыптастыру керек» – деп атап өткені еріксіз еске түседі. Туған топырақтан қуат алып өскен әрбір меркілік түлек Тәуелсіз еліміздің игілігін еселей түседі және сол арқылы кейінгі жас ұрпаққа үлгі болады деген сенімім мол. Баршаңызды туған өлкеміздің әл-ауқатын көтеруге шақырамын! – деген соң, шақырылған түлектерді Алғыс хатымен марапаттап, және «Абай жолы» романының 4 томдық кітабын, естелік сыйлықтарын табыс етті ( төменгі суретте).

Ал, бүгінгі «Жомарт түлек – 2021» түлектер кездесуіне қатысушылар қатарындағы – туған ауылындағы №14 мектептің физика пәні кабинетіне құны 5 миллион теңгелік арнайы зертхана алып берген Оралхан Бидайбеков (биыл мектеп бітіргеніне 50 жыл толыпты), №39 мектептің тұрақты демеушісі, «Мирас» баспасының директоры Мадет Қожакеев, №21 мектептің түлегі, халықаралық «Аспара фест» сән үйінің директоры Айдархан Қалиев, №2 мектепте дәріс алған, бұл күндері ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басқарма басшысы Ақмарал Сванбаева, аудан әкімінің орынбасары қызметінде болған, бұл күндері «Меркі шипажайы» директорының орынбасары Марат Қасым, №17 мектептің түлегі, жамбы атудан әлем чемпионы Елдос Бадашев, №44 мектептің түлегі, әнші, продюссер Наурыз Құлданов, №19 мектепте оқыған, журналист, продюссер Айзада Жаманқұлова, №1 музыка мектебін музыкалық аспаптармен қамтамасыз етіп, шәкірттердің Санкт-Петербург қаласында өнер көрсетуі үшін демеушілік жасаған Нұрлан Боранбаев, өзі оқыған №19 мектептің қажеттіліктері мен ауданымыздағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін 2,5 млн. теңгеге демеушілік жасаған Ахан Алтынбаев (суретте), жыл сайын 2 млн. теңгені мүмкіндігі шектеулі балаларға жұмсайтын «Наурыз» дәріханалар желісінің иесі Әлия Әубәкірова, аудандық мәслихаттың депутаты, жас меценат Азамат Рахымбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, №2 мектептің түлегі Мұхтар Рахманқұлов, №5 мектептің 1983 жылғы түлегі, танымал мүсінші Темірхан Көлжігіт (суретте), сонымен қатар, есімдері меркіліктерге таныс жерлестеріміз – Райхан Бостанова, Қалдыбай Алмабаев, Әріпбай Мұсапанов,

Сәбит Әлдебай, Данияр Әбіразақ, Андрей Василенко, Перизат Кушанова, Қуандық Құрманалиев, Айдар Таиров, Санат Қыпшақбаев, Мухиддин Зарипов, Нұрлан Боранбаев, Қарақат Сатынбаева, Бақтияр Хасанбаев, Қанат Қазанғапов, Мейірбек Лекеров сынды азаматтардың бірқатары ел алдына шығып, бірлесе отырып, туған өлкеміздің одан әрі дамуы жолында игі істерді атқара беретіндіктерін айтып, аудан басшылығына деген алғыстарын жеткізді.

Бүгінгі іс-шара мектеп түлектерінің басқосуы болғандықтан, дүниедегі мамандық атаулының төресі саналатын – ұстаздар қауымына, оның ішінде, ұстаздардың ұстаздарына да сөз берілді. Олардың қатарында мұғалімдік сатыдан өтіп, жоғары қызметтер атқарған Базаркүл Әлмейізова, Шырын Мамасерікова, Қайнаркүл Татығұловаларға сөз беріліп, олар көпшілікке деген ізгі тілектерін жеткізді.