Есірткі есеңгіретіп тұр

0 200

Нашақорлық қоғамның қасіреті, сіз бен біздің ортақ мәселеміз, болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет. Жыл санап елімізде есірткіні қолданатын да, оны күн көру қамына айналдырып, сауда жасап отырғандардың да саны көбеюде. Есірткі дегеніміз адамның орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, рухани және физикалық тепе-теңдікті бұзатын, рухани және физикалық тәуелдікке жол ашатын, жеке адамды психологиялық жағынан және экономикалық және әлеуметтік жағынан қиындыққа әкеліп соғатын заттар, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Осының барлығын көріп-біле тұра, есірткіге деген әуестігін тия алмай жүргендер қаншама. Еліміздің ең бағалы қазынасы — адам, ал болашағы — жастар болғандықтан, бұл індетпен күресу барлығымдың міндетіміз. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деп бекер айтпаса керек. Зиянды әрекетке деген қызығушылыққа тез үйір болу — адам баласының ең әлсіз тұсы. Бұл сөзіме дәлел ретінде айта кететін факт — нашақор адам бір жылда кем дегенде бес адамды осы әрекетке тартып, өз дегеніне көндіріп, ауруын жұқтырады екен. Бүгінгі күні елімізде, қанша жерден бұл атышулы індетпен күресу жұмыстары жүргізіліп жатса да, сатушы да, сатып алушы саны да, күн санап артып келе жатыр. Ең өкініштісі — есірткіге тәуелділердің басым көпшілігін кәмелетке толмаған, жасөспірімдер құрауда. Қолданғандарды қателесті, шалыс басты деп, адамгершілік тұрғысынан ақтап алғымыз келсе де, өмір мен денсаулыққа қатар зиянын тигізетінін біле тұра, «оны қолдың кірі» саналатын ақша үшін, күн көру қамына айналдырып отырғандар ойландырмай қоймайды. Таяуда ғана өңірімізде есірткі қойып кетумен айналысқан бұрымды қарындасымыз ұсталған болатын. Шындыққа тура қарайтын болсақ, олар өзінің де, өзгенің де өмірін өксітіп жатқандарын, жеңіл пайда табамын деп, өмірден жеңіліп жатқандарын байқамай да қалып жатыр.

Есірткіқұмарлық пен оны бизнеске айналдырып отырғандарға қолданылар шара қатаң. ҚР Қылмыстық кодексі бойынша, аса ірі көлемде есірткі контробандасы үшін 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айырады, оқу орындарында және кәмелетке толмағандарға есірткіні сатқаны үшін 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру, ұйымдасқан кәмелетке толмағандарды екі немесе одан да көп адамды, сондай-ақ күш көрсетумен есірткіні пайдалануға тартқаны үшін 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға, есірткіні пайдалануға тартып, соның негізінде адам өліміне әкеліп соққаны үшін 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.