Еліміздің мектептерінде емтихан басталды

0 259

Бүгін еліміздің мектептерінде аралық және қорытынды емтихандарды тапсыру кезеңі басталды. Емтихан 11 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Биыл бірінші рет білім алушылардың оқу бағдарламаларын игеруін, оқу және жазу сауаттылығын айқындау мақсатында 5-8,10 сыныптар үшін 31 мамырға дейін қазақ тілінен емтихандар өтеді. Емтиханның нақты уақытын оқу орындары өздері белгілейді. Емтихан екі бөліктен тұрады: жазбаша және ауызша. Оқушылар эссе жазады, сондай-ақ, мәтінді оқу, әңгімелесу және мәтінді тыңдап түсіну бойынша өз шеберліктерін көрсетеді»,  деп хабарлады министрлік.

9-сынып оқушылары үшін бітіру емтихандары 29 мамыр мен 10 маусым аралығында, 11-сынып оқушылары үшін 28 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді.

«Ақтөбе облысынан 9 мектеп, Атырау облысынан 20 мектеп және Солтүстік Қазақстан облысынан 5 мектеп оқушылары бұл өңірлерде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануына байланысты аралық және қорытынды аттестациялаудан босатылды», деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Нәтижесінде қорытынды аттестациядан барлығы 340 мыңнан астам 9-сыныпты бітірушілер, 186 мың 11-сыныпты бітірушілер өтеді.