Ел ертеңі – есірткісіз болашақ
Бүгін Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ және Жамбыл облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасымен бірлесіп, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде «Ел ертеңі — есірткісіз болашақ» тақырыбы аясында кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Кездесуге 70-ке жуық білімгерлер қатысты. Полиция департаменті Кинологиялық қызмет орталығының мамандары студенттерге қылмыскерлерді ұстау кезінде қызметтік-іздестіру иттерінің жұмысы туралы айтылды және «төрт аяқты» тәртіп сақшыларының командаларды қалай орындайтынын, жасырын заттарды қалай іздейтінін көрсетті.
Нашақорлық — қоғамды толғандыратын ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі, ал ең қауіпті қылмыстардың бірі-есірткі заттарын сату. Өйткені, қоғамымызда бұл зиянды затқа құмарлық танытушылар саны күн санап көбеюде. Адам денсаулығын құртып, сананы улайтын улы затқа әсіресе жастар мен жас балалардың әуес болуы үлкен алаңдаушылық туғызады.
Біздің еліміз көптеген халықаралық есірткіге қарсы жобаларға қатысады, елде халықаралық операцияларды ұйымдастыру, транзит арналарын жою және трансұлттық қылмыстық топтардың жолын кесу үшін құқықтық құралдар жасалды. Құқық қорғау органдары осы зұлымдықтың таралуына қарсы тиімді күресті ұйымдастыруда дәйекті шаралар қабылдауда.