Екі ел арасындағы байланыс жандана түспек

0 175

Елімізге ресми сапармен келген Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Сыртқы істер, достастық және халықаралық даму министрі Дэвид Кэмерон Астанада Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Ұлыбританияның сыртқы саяси ведомстволары басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздері өтіп, бірқатар екіжақты маңызды құжатқа қол қойылды.

М.Нұртілеу бұл кездесудің еліміз үшін маңызды екенін, Қазақстан мен Ұлыбритания Стратегиялық серіктестік пен әріптестік жөніндегі келісімге қол қойғанын мәлім етті.

М.Нұртілеудің айтуынша, кездесулер барысында Қазақ-британ қатынасының күн тәртібіндегі мәселелері ғана емес, аймақтық тұрақтылық, қауіпсіздік тақырыптары да сөз болды. Сонымен қатар тараптар елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды әлеуметтік өзгерістер төңірегінде пікір алмасты.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі саяси және экономикалық реформаларын қолдаған британдық әріптесіме алғысымды білдіремін. Көптеген екіжақты және халықаралық мәселе бойынша екі елдің ұстанымдары ұқсас. Жаһандық деңгейдегі үрдістерді саралап, диалогімізді одан әрі жалғастыруға уағдаластық. Осы тұрғыда британдық тарап Украина мәселесін бөлек көтерді. Өз кезегінде әріптесіме еліміз үшін кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуі аса маңызды екенін жеткіздім. Еліміз стратегиялық бейтарап саясат ұстанып отырғаны айтылды. Ең бастысы, біз Біріккен Ұлттар Ұйымының егемендік, тәуелсіздік және аумақтық тұтастық сияқты іргелі қағидаттарын сөзсіз қолдайтынымызды білдірдік, – деді Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу.

Сондай-ақ Мұрат Әбуғалиұлы екі ел ара­сындағы байланыстың тамыры терең әрі тарихы айтарлықтай бай екенін атап өтті.

– Қазақ-британ қатынасының тарихы қаншалықты ауқымды, қызықты болса, алдағы уақытта да айтулы жетістіктер­ге толы болатынына еш күмәніміз жоқ. Кейінгі жылдары екі ел арасындағы сындарлы саяси диалог пен жан-жақты ықпалдастықты кеңейтуге бағытталған қомақты әрі жүйелі іс-әрекеттер қолға алынып жатыр. Қос елдің де сан қырлы іс-қимылды кеңейтуге, тереңдетуге деген ортақ ниеті бар. Осы бағытта күш жұмылдырып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді қуаттадық, – деді министр.

Ал Ұлыбритания Сыртқы істер ми­нистрі Д.Кэмерон Ұлыбритания Қазақ­станға инвестиция құйған алғашқы елдердің бірі екенін атап өтті.

– Біз экономикалық бағытта қарқынды ілгерілеушілікке қол жеткіздік. Әсіресе мұнай саласында үлкен жетістіктеріміз бар. Осы бағыттағы әріптестік аясы алдағы уақытта да кеңейе бермек. Бүгін біз қат болып тұрған шикізат жөніндегі келісімге қол қойдық, сондай-ақ Қазақстанда осы салада жұмыс істеу үшін британдық тау-кен компанияларын тартпақпыз. Біз биз­нестің барлық салада қолайлы жағдай­ларға ие болуы үшін барлық бюрокра­тиялық кедергілерге тосқауыл қойып, жоя­тынымызға көз жеткізуіміз керек. Өйт­кені алдағы жылдары бірлесе жұмыс іс­тей­тін бірқатар жоба бар, – деді Д.Кэмерон.

Кездесу барысында «Эйр Астана» әуе компаниясының жақында IPO-ға шығуына және «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрудағы Ұлыбританияның рөлі айрықша атап өтілді.

– Жақында Лондонда қабылданған қазба минералдарға қатысты Жол картасын ескеріп, маңызды шикізат ресурс­тары, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту және жасыл энергия салаларында озық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырдық. Сонымен қатар, ғаламдық сын-қатерлерді еңсеру, соның ішінде климаттың өзгеруіне байланысты қоршаған ортаны қорғау және су ресурстарын тиімді басқару сияқты бағыттарда бірлесе жұмыс атқаруға келістік. Өз кезегімізде Лондонмен сауда және инвестициялық байланыстарымызды кеңейтуге мүдделі екенімізді тағы да растадық, – деді Мұрат Нұртілеу.

Сонымен қатар екіжақты келіссөз­дер нәтижесінде Оксфорд университетін­де қазақ тілі курстарын ашу туралы меморандумға қол қойылды.

ҚР СІМ басшысы кейінгі жылдары екі ел арасындағы білім беру саласындағы серіктестік белсенді дамып келе жатқанын атап өтті.

– Британдық ғылым және білім беру жүйесі әрқашан біздің студенттер мен ғалымдарға тартымдылығы­мен ерекшеленеді. Мысалы, биыл Лондонда «Narxoz» және «Queen’s» университеттері арасында серіктестік және қос дипломдық бағдарлама бойынша келісімдерге қол қойылды. «Primus Capital» және «Ardingly» колледждерінің уағдаластықтарына сәй­кес, Қазақстанда екі халықаралық мектеп ашу жоспарлары бар. Бүгін Оксфорд университетінде қазақ тілі курстарын ашу туралы меморандумға қол қойылды, – деді Мұрат Нұртілеу.

Бұдан бөлек, кездесу барысында тараптар жаһандық сын-қатерлерді еңсеру, оның ішінде климаттың өзгеруіне қарсы күрес, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстарын тиімді басқару бойынша бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.