Биыл қазан айында Қосшы қаласында жаңа суперкомпьютер іске қосылады

0 6

Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады. Қордың төрағасы Мемлекет басшысына биылғы бес айдағы жұмыс қорытындылары мен орта мерзімді кезеңге арналған даму жоспары туралы есеп берді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Нұрлан Жақыповтың сөзінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қордың басқаруындағы активтер көлемі 88 млрд АҚШ долларын құраған. Қазіргі уақытта елде ауқымды инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Биыл жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 16 ірі жобаны іске қосу жоспарланған.

Атап айтқанда, Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы, Қашағандағы газ өңдеу зауыты, Алматыдағы екінші ЖЭО-ны жаңғырту, гибридті электр станциясын салу, сондай-ақ Каспий теңізі түбіне талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобалары бар.

Бұл бастамалар көлік, энергетика және цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы әлеуметтік жауапкершілік аясында жыл сайын шамамен 1 млн адамды қолдауға мүмкіндік беретін жобаларды іске асырылып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде ел бойынша 5 млн көшет отырғызу жоспарланса, 2024-2025 жылдары 5,8 млн ағаш егілген.

Жалпы, 2023–2026 жылдар аралығында 856 млрд теңгеге 100-ден астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылған.

Нұрлан Жақыповтың айтуынша, биыл қазан айында Қосшы қаласында NVIDIA B300 базасындағы жаңа суперкомпьютерді іске қосу жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асса, «Қазақтелеком» компаниясындағы есептеу қуаты төрт есе артады. Бұл Қазақстанның жасанды интеллект, деректерді өңдеу және жоғары өнімді есептеу саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтпек.

Кездесу қорытындысында Президент қордың негізгі бағыттары бойынша, соның ішінде инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.