Бидай алқабы 429 мың гектарға қысқарды

0 219

Биыл бидай алқабы 429 мың гектарға қысқартылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

«Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылы табиғаттың ауыр климаттық жағдайы шаруалардың қаржылық жай-күйіне әсер етті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зардап шеккен фермерлерді қолдау үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданды. Бүгінгі таңда 2024 жылға арналған басты міндет — көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу. Ол үшін министрлік барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Керекті мемлекеттік органдар мен ұйымдарды, сондай-ақ облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарларын тарта отырып, өңірлерде көктемгі егіс науқанын жүргізу жұмыстарын үйлестіру жөніндегі жедел штаб құрылды», — деді министр.

Айдарбек Сапаровтың атап өтуінше, министрлік салада ауқымды талдау жүргізген. Нәтижесінде орын алып отырған проблемалар және олардың пайда болу себептері анықталды. Жұмыстың нәтижелері бойынша бірқатар жүйелік проблем белгілі болды.

«Айталық, агроөнеркәсіптік кешеннің қарқынды дамуын тежеп тұрған мәселелердің бірі — өсімдік шаруашылығында әртараптандырудың дұрыс жүргізілмеуі. Ол үшін министрлік бұған дейін облыстар әкімдіктеріне әртараптандыру бойынша индикаторларды берген болатын, олар бақылауда болуы керек. Осы жұмысты ескере отырып, облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша осы жылы 23,8 млн гектар алаңда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру жоспарланған. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 209,6 мың гектарға аз», — деді ол.

Мәселен, оның дерегінше, бидайдың егістік алаңдары өткен жыл 13,7 млн гектер болса, биыл 13,3 млн гектар болады. Яғни, 429,2 мың гектарға қысқартылды. Қысқартылған алаңдарда әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақылдар алаңдарын ұлғайту көзделген.

«Облыстар әкімдіктерінің жедел деректері бойынша майлы дақылдар алаңын 385,7 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. Бұл жалпы егіс алаңын 3,2 млн гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Оның ішінде күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алаңын 60 мың гектарға ұлғайту және оларды 1,2 млн гектарға дейін жеткізу күтіледі. Бұдан басқа, қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алаңын 12 мың гектарға ұлғайту көзделген. Биыл қант қызылшасының ауданы 25 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар өңірлерде берік азықтық базаны құру бойынша жұмыстар жүргізілуде, бұл үшін ағымдағы жылы азықтық дақылдар алаңын 68,3 мың гектарға ұлғайтып, оларды 3,2 млн га дейін жеткізу жоспарланған», — деді Айдарбек Сапаров.