Бектенов Астана контрреттегішінің жағдайын тексерді
Премьер-Министр Олжас Бектенов Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек және Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжановпен ағымдағы су тасқыны жағдайын тексерді. Қала арқылы тасқын суларды өткізуге және ықтимал су тасқынынан қорғауға арналған Астана контрреттегішінің жайы бақыланды. Сонымен қатар Майбалық көлі мен Вячеслав су қоймасының жағдайы тексерілді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астаналық контрреттегіште судың ағуы қазір секундына 30 текше метрді құрайтыны баяндалды. Контрреттегішке келіп жатқан ағын секундына 248 текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта контрреттегіштің су ағызу қабілетін секундына 40 текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметтері бойынша, ахуал тұрақты және ұдайы бақылауда тұр, Астана қаласын су басу қаупі жоқ.
Үкімет басшысына Астана су қоймасындағы жағдай туралы баяндалды.
Суды ағызу секундына 400 текше метр деңгейінде жүзеге асырылады, су қоймасының көлемі 409 млн текше метрді құрайды. Преображенский торабында шарықтау шегіне жетті, Нұра өзені арқылы торапқа құятын су ағыны азайып келеді: қазіргі уақытта секундына 1400 текше метр су өтіп отыр.
Астана қаласы мен Ақмола облысы әкімдігі жақын маңдағы елді мекендер мен қалаларды су басудың алдын алу бойынша бірлескен жұмыстар жүргізіп жатыр.
Тайтөбе ауылында су тасқынынан негізгі қорғаныс қызметін атқарған үйінділерді нығайту жұмыстары аяқталып қалды. Биыл қолданыстағы 2400 метрлік бөгетке ұзындығы 1200 метр, биіктігі 2,5 метр болатын жаңа бөгет тұрғызылды.
Жедел штаб Астана, Қосшы қалалары мен Тайтөбе ауылындағы су қоймаларынан су жіберу деректері бойынша жасалған болжамдарды ескере отырып, су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізеді.