Арғымақ мінген Ақылбек

0 216

Жылқы малын бап­тап-бағу, өсіріп-өрістету ісіне хал­қымыз қатты мән берген. Жүй­рік аттарын жаратып бәйгеге қосып, аламанның алдын бермей жүрген атбегілер БҚО-да да бар.

Сондай жылқыға жаны құмар, арғымақ  десе ішер асын жерге қоятын азаматтың бірі – Ақылбек Ищанов. Ақылбек өзі БҚО Жаңақала ауданында дү­ниеге келген. Жарқ етіп ерте сөнген айтыстың жарық жұл­дызы Асылбек Ищановтың туған ағасы. Біз Ақылбек Ищанов­тың SABA этнокешенінде бо­лып, атбегімен аз-кем әңгіме­лескен едік. 

SABA этнокешені 2017 жылы ашылған. Ата кә­сіп­ті жал­ғап, жылқы ұстай­мын, қымыз са­­пырып, бәйге аттарын бап­тай­мын деген Ақы­лбектің арманын келін­шегі Ақмоншақ қолдап, осы кешенді ашқан. Басында баласына деп жетім құлын сатып алыпты. Кейін Ақылбек өзі мі­не­тін жылқы әкелген. Араға бірнеше жыл салып үйге саууға деп екі бие алынған. Қазір біздің кейіпкеріміз  қала шетінен 20 сотық жер алып, қора-қопсыны да үлкейтті. Қазір SABA этно­кешені жәй ғана қымыз ішіп, қызық қуа­тын орын емес. Бұл жерде ұлттық спорт түрлеріне баули­тын «Азамат» лагері де жұмыс істеп тұр. Ақылбек Ища­нов таза бәйге аттарын баптайды, шабандоздар тәрбиелейді. Өзі БҚО Ұлттық спорт мектебі «Бәйге» бөлімінің жаттық­тырушысы.

Жылқымен қазақтың жаны егіз. Қазақ халқы ертеден ат жалында өсіп, жылқының сын-сипатын, бабы мен күті­мін бес саусақтай білген. Біздің кейіп­керіміз де жылқы баптаудың қыр-сырын әбден меңгерген.

– Ауыл баласы болған соң ба, жылқыға деген қызығу­шы­лығым бозбала кезімде оянды. Оқушы кезде сенбі-жексенбі күндері қырға кетуге асығып тұру­шы едім. Сондағы бар мақсатым – тезірек атқа мініп, асау тайларды үйрету болатын. Сөйтіп, атқа деген құмарлығым күн өткен сайын арта берді. Бірақ қалаға кел­гесін үзіліп қалды. Сол үзілген дәс­түрді жалғай­мын деп осы эт­но­кешенді ашып, қазір бәйге аттарын баптап жүрмін. Ат баптау оңай шаруа емес. Табан­дылық пен еңбек­қор­лықты талап етеді. Жалпы, бәйгеге қосы­латын ат жыл-он екі ай дайындықта болуы керек. Әуелі атқа күнделікті жемін, тамағын, әртүрлі дәруменін беруді де ұмытпаған абзал. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демек­ші, алыс қа­шық­тыққа, жа­қынға шабатын ат бар. Бәйге жо­лының қашық­ты­ғына орай ат баптал­мақ. Ал баптау әдісі әр­түрлі. Егер тілін түсініп баптай алмасаң, жүйріктің бағы таяды. Мен мына үйдің жанындағы то­ғайға апарып жүргіземін. Қысы-жазы аттың тынысын, өкпесін ашу үшін жаттығуды тоқтат­паймын, – дейді Ақылбек.

Бәйге аттарына көбіне ағыл­шын тұқымды жылқы­лар­ды қосады екен. Ақылбек­тің қора­сында тұрған жылқы­лар­дың дені – ағылшын жыл­қылары.

– Мен таңда қораға кірген бойда әр жылқыны қарап шы­ға­мын.  Көздеріне қараймын, соған қарап көңіл-күйлерін сеземін. Бабы келмей тұрса іште қалдырамын. Кейде ауырып қалады. Дәрі саламын, өзім ем­деп аламын. Мен қазір көп жыл­қы ұстай алмаймын. Бар болға­ны 20 сотық жер ғой. Жер тарлық етіп тұр. Әйтпесе, жылқы санын көбейтіп, ұлт­тық спорт түрлерін дамытуға үлес қоссам ба деймін, – деп кейіп­керіміз өз арманы­мен бөлісті.

SABA этнокешені қазір орал­дықтарды қойып Атырау, Ақ­төбе, Ақтау, тіпті Астанадан келетін қонақтар үшін қызмет көрсететін ұлттық орталыққа айналып келеді. Бұл жерде 5 мезгіл бие сауылады. Жылқы­ның сүтінен ем іздегендер саумал ішуге келеді. Ақылбек өзі күбі ыстап, қымыз дайын­дайды.

Ақылбек бәйге аттарын бап­тап қана қоймай, шабандоз­дар­ды да тәрбиелеп жүр. Тақымы мықты бала тәрбиелеп шығу олимпиада чемпионын дайын­дағанмен бірдей екен.

– Шабандоз дайындау да үлкен еңбек. Бала біріншіден, аттан қорқып қалмауы керек. Сол үшін бірінші құлынға отыр­ғызып үйретеміз. Кейін жуас тайларға отырғызамыз. Әдейі жуасын береміз. Жарыс­тан қалып қойғанын көрген бала өзі келіп маған дұрыс ат беріңіз деп сұрайды. Баланың аттан қорық­пайтынын, тақы­мы қатайғанын анық сезген кезде бәйге аттарына отырғы­замыз. Баланың тақы­мын қа­тайту да оңай емес. Күнде спорт­­пен шұғылданады. Аяқ­ты қатайту, қолды қатайту жат­ты­ғуларын жасаймыз. Әсіресе, қолға арналған жат­ты­ғу­ды көп жасатамын. Ол тізгін тарту үшін қажет. Тақы­мы бос баланы жыл­қы лақты­рып кетеді. Бала мінген аттан түспей, құламай отыра алуы керек. Бір қызығы, шабан­доз­дардың бәйгесі екі жыл ғана. Себебі бала тез өсіп кетеді. Сал­мағы 35 кг асып кетсе бол­ды, шабандоз болуға жарамай­ды, – дейді Оралда талай шабандозды тәрбиелеп жүрген Ақылбек атбегі.Болашақ­та классикалық бәйге аттарын дайындағысы ке­летін атбегіге біз сәттілік тіледік.