Абыз ақсақалды 95 жасқа толуымен құттықтады

0 28

Жамбыл өңірінде соғыс және еңбек ардагері Тілеуқабыл Төребеков туралы білмейтін адам кемде-кем. Оның жөні де бар.

Ұжымшарда сүт-тауарлы фермасының есепшісі болып жүрген жерінен 1943 жылы әскерге шақырылған ол 1950 жылға дейін Отан алдындағы азаматтық борышын атқарды. Оның бес жылында Кеңес әскерінің қатарында милитаристік Жапониямен соғысты. Ержүрек майдангер ІІІ дәрежелі Даңқ, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Бейбіт жылдары барлық күш-жігерін Жамбыл облысының, Жамбыл (Тараз) қаласының дамуына арнады. 1950-1966 жылдар аралығында облыстық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Одан кейінгі жылдары Жамбыл қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, Жамбыл қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Облыс орталығы Тараз қаласының заман талабына сай өсіп-өркендеуінде Тілеуқабыл Төребекұлының зор үлесі, өзіндік қолтаңбасы бар. Ел игілігі жолындағы осынау қажырлы еңбегі еленіп, омырауындағы жауынгерлік наградалардың қатарын Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендері мен 13 медаль толықтырды. Жамбыл облысының, Тараз қаласының құрметті азаматы атанды.

Тілеуқабыл Төребекұлы құрметті зейнет демалысына шыққаннан кейін де қарап отырған жоқ. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. 1995 жылдан 2015 жылға дейін соғыс, еңбек және Қарулы күштер ардагерлері облыстық кеңесін басқарды. Сол жылдары Тілеуқабыл қарияның жаңадан салынып, пайдалануға берілген облыстық ардагерлер үйінің жұмысын мешіттен арнайы имам шақыртып, Құран оқытудан бастағаны, онымен де шектелмей Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында орынбасары Халил Бейсеев, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдиярбек Түсіпов, «Шайх Зүннін» мешітінің бас имамы Сейітқазы қажы Медетбековпен бірге аптаның әр бейсенбісінде бақилық болған ардагерлердің шаңырағына барып, бір жылға жуық Құран оқытқаны әлі күнге дейін аңыздай айтылады.

Көкірегі қазына абыз ақсақал Тілеуқабыл Төребеков биыл 95 жасқа толып отыр. Жақында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тілеуқабыл атаның шаңырағында арнайы болып, ардагерді 95 жылдық мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын тапсырды. Мемлекет басшысы өз хатында Т.Төребеков сияқты тұлғалардың өмір жолы бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге болып табылатынын атап өткен.

Қариямен әңгіме барысында Бердібек Сапарбаев ардагердің өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесін, оның ұйымдастырушылық қабілетін және біліктілік қасиеттерін тілге тиек етті. Алда келе жатқан Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап, ардагерге бір миллион теңгегенің сертификатын табыс етті.

Aulieatanews.kz