Дағдарыс орталығының жұмысымен танысты

0 150

Жамбыл облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Тараз қаласындағы дағдарыс орталығында болды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі. 

Бұл видео «zhambyl_police» инстаграм парақшасынан алынды.

Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікенов Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету орталығының жаңа ғимаратында болып, жұмысымен танысты.

Бару барысында отбасы тарапынан физикалық, психологиялық, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдермен әңгімелесіп, кеңес берді. Сонымен қатар құқықтық, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсету мәселелері талқыланды. Құқықтық және іскерлік сауаттылық арқылы белсенділікті арттыру, құқықтық дамуға жәрдемдесу және қоғамдағы әйел жартысын нығайту туралы әңгімеледі.

51 орынға есептелген дағдарыс орталығында әлеуметтік қызметтерді, оның ішінде тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек және құқықтық қызметтерді көрсету үшін барлық жағдайлар жасалған.

Айта кетсек, аталған орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балалар уақытша тұрады, осы жерде психологиялық және құқықтық қолдау алады. Орталықта болған кезеңде аналар жаңа мамандықтар мен дағдыларға бейімделеді, ал балалардың балабақшалар мен мектептерге барып, үйірмелерге қатысу мүмкіндіктері бар. Орталықта жайлы және қауіпсіз өмір сүру үшін барлық жағдай қарастырылған.

Қ. Мәжікенов полицияның отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру бойынша шаралар кешенін қабылдап жатқанын атап өтті. ПД басшылығының атынан дағдарыс орталығына балаларға арналған манеждер, картиналар мен ойыншықтар берілді.