Аса ірі мөлшерде есірткі тәркіленді

0 219

Жамбылда ірі есірткі желісі жойылды, деп хабарлайды,  «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Бұл видео «zhambyl_police» инстаграм парақшасынан алынды.

Жедел іздестіру шарасын өткізу барысында Жамбылдық полицейлер есірткі сатушылардың қылмыстық әрекетінің жолын кесті. Есірткі бизнесінің жолын кесуші полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 35 жастағы күдіктіні қолға түсірді.

Жаңа жол ауылында өткен тінту жұмыстары барысында ер адамның шаруашылық құрылысында «кептірілген марихуана» және «гашиш» есірткі заттары бар 15 полиэтилен пакет табылып, тәркіленді. Күдіктінің айтуы бойынша жабайы қарасораны Астана қаласында сатуды алдын ала  жоспарлаған екен.

— Қызметкерлеріміздің бірқатар уақыт күдіктінің ізіне түсіп, кәсіби әрекет етулерінің нәтижесінде есірткінің заңсыз айналымының тағы бір фактісі жойылды. Барлығы 29 келі 677 гр кептірілген марихуана және 3 келі 76 гр гашиш тәркіленді. Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындағаны үшін ұсталған адамға қатысты мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылады. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, Шу ауданының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, — деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.