Жамбыл облысында 19,3 млрд теңгенің заң бұзушылығы анықталды
Таразда Жамбыл облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің 2022 жылға арналған аудиторлық іс-шараларының қорытындысы жарияланды, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.
Қорытындыға сәйкес, облыстық бюджетке миллиардтаған теңге қайтарылып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін бұзған 140-тан астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
Облыс әкімдігіне қарасты Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Марат Егембердиевтің айтуынша, өткен жылы 119 аудиторлық іс-шара жүргізілсе, 111-де жалпы сомасы 38,8 млрд теңгені құрайтын заң бұзушылықтар анықталған.
«Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін тексеру кезінде 19,3 млрд теңгенің бұзушылықтары анықталды. Қалпына келтіруге және бюджетке өтеуге жататын бұзушылықтар сомасының 4 миллиард теңгеден астамы қалпына келтіріліп, бюджетке 3,1 миллиард теңге өтелді. Аудиторлық іс-шараның қорытындысы бойынша 106 лауазымды тұлға тәртіптік, 37-і әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы айыппұл сомасы 9,3 млн теңге немесе 96,8% бюджетке өтелді», — деді Марат Егембердиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.
Баяндамашы құқық қорғау органдарына 9 материал жіберілгенін, олар бойынша заң бұзушылық сомасы 1 миллиард теңгеден астам соманы құрағанын, жіберілген төрт материал бойынша қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.
Сонымен қатар Жамбыл облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, уақытылы жолын кесу және заң бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ мемлекеттік аудит объектісіне мемлекеттік сатып алуды өз бетінше жоюға құқық беру мақсатында мемлекеттік сатып алуларға камералдық бақылау жүргізетінін атап өтті.