ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗДЫ ҚАСТЕРЛЕЙ БІЛЕЙІК
Тәуелсіздігімізді жариялағанымызға биыл-30 жыл. Тұтас бір елдің тарихы үшін аз уақыт, дегенмен осы үш онжылдықтың ішінде қыруар жұмыс атқарылды. Бастысы, бағытымызды айқындап, әлем таныған мемлекетке айналдық. Халыққа арнаған биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қастерлі құндылық саналатын тәуесіздігімізге қатысты: -Ең басты жетістігіміз-біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз,-деді.
Татулық пен тұрақтылықты ту еткен елдің ертеңге деген сенімі де жоғары. Тәуелсіз мемлекеттің жаңа буыны қалыптасып келеді. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен ұрпақ бейбіт елдің баянды болашағы жолында қызмет етеді деп сенеміз.
Тәу етер тәуелсіздігіміз-ата-бабамыздың асыл арманы, көп күткен сағынышы. Арманды іске асырып, аталардың аманатын арқалап келе жатырмыз. Дүниенің бір бұрышында сайын даласы бар қазақ деген халықтың үлкен істерді тындыра алатын рухы биік, өресі мықты, өрісі кең екенін әлем ұғынды.
Өзім ауылда қызмет жасап жүрген соң айта кетуді жөн көрдім. Әр қазақтың тамыры ауылдан тартылады. Күні кеше ғана көпшілік келешегіне күмәнмен қараған ауылға ажар кірді. Қазіргі таңда қалаға қарай жүк артқан көшті көрмейсіз. Бұл ауылдың тұрмысы тұрақталып келеді деген сөз. Қолында жұмысы, қорада қойы бар, есебі түгел ағайынға өзге қоныстың да қажеті шамалы.
Елдің бүгінге деген тәубесі мен ертеңге деген сенімінің орнығуы осы ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің жемісі.
Біздің бүгінгі міндетіміз — қастерлі тәуелсіздігіміздің жетістіктерін жастардың бойына сіңіре білуде. Ұлттық құндылықтарды жадыға құйып өткен ұрпақтан отанын қорғап, елін құрметтейтін азамат қалыптасады. Еліміздің кемел келешегі де бүгінгі берген тәрбиеге байланысты.
Ержан Мырзамбет, Талас ауданы.