Табиғатты аялау – абзал тірлік
Наурыз мерекесі қарсаңында, «Мекенім – жасыл орманым!» атты республикалық тал егу мен тазалық акциясын қолдаған меркіліктер де жаппай көшеге шығып, жалпы саны 2165 тал-тарақ отырғызу іс-шарасына қатысты, – деп хабарлайды “Aulieatanews” Ақпараттық агенттігі.
Елді мекендерді, оның ішінде, көпшілік жиналатын қоғамдық орындарды абаттандырып, көгеріштендіру жұмысы өзекті болғандықтан, биыл да көпшілік қолына күрек алып, сауапты істі уақтылы еңсерудің жолын таңдапты.
Бұл күні аудан әкімдігінің бөлім қызметкерлері аудан әкімінің ұйғарымымен орталықтан кейінгі басты бөлік саналатын, сондықтан, өңіріміздің ажарын ашуы тиіс Сарымолдаев ауылдық округіне сенбілікке шықса, Өмірзақ Қаймолдаев, Амангелді Әметқұлов, Насыр Махмұдов сынды қоғам жанашырлары бастаған зиялы қауым өкілдері Торғаев көшесінің бойына 50 түп ағаш екті.
Ал, аудан әкімі Руслан Нұрсипатовтың өзі қолына күрек ұстап, А.Асқаров атындағы орталық стадионға беттеген топтың құрамында аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев, аппарат жетекшісі Тұрар Досеке, мәслихат хатшысы Мұратбек Көкірекбаев, аудан әкімдігінің бөлім басшысы Қайрат Арғымбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев, қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Құралбаев, ақын апамыз Шырын Мамасерікова, жастар жасағының сардары Ерболат Дүйсенқұл және т.б. болды.
Арнайы белгіленген жерге тал отырғызу алдында аудан әкімі Р.Нұрсипатов пен Қ.Иманалиев ауданымыздың жасыл желекке көмкеріліп, сұлулығы арта түсуі үшін игі істі атқаруда қалыс қалмай, қағілездік таныту – ел мен жерге, қала берді, ұлттығымызға деген жанашырлық екенін жеткізіп, жер бусанған кезеңде уақыттан ұтылмау керектігін айтты. Ал, Ш.Мамасерікова болса, туған жерді сүйіп, патриоттық сезімді селт еткізіп оятар өлең шумақтарын арнап, көпшіліктің жан дүниесі де, сырт келбеті де, сонымен қатар, қоршаған айналасы да көрікті де көркем болуы керектігіне назар аударды.
Осында 20 түп қылқан жапырақты сәндік ағаштар отырғызылған соң, аудан әкімі Руслан Нұрсипатов Ақтоған ауылының шетіндегі 15 гектар алқапқа орналасқан аудандық дендропаркке барып, ондағы көгеріштендіру жұмыстарымен танысып, ағаш екті.
Округ әкімі Тұрар Дулатбаев әзірше әрі кірмегенімен, болашақта жасыл майсалы болатын саябақтың құжат-эскиздерімен таныстырып, осыған дейін мұнда барлығы 3,5 мың түрлі көшеттер өз ретімен отырғызылғанын, ал, бүгінгі күні, акция барысында ауыл азаматтары мен ұжымдардың күшімен 2000 қарағаш және 24 қылқан жапырақты ағаш бой түзегенін жеткізді.
Осындағы игі істердің жанында жүрген белгілі ақтоғандық кәсіпкер Нұрлан Сейсембаев, ауыл ақсақалдары Жоран Аляхунов, Есен Ниязбеков пен Олжабек Қосубаевтармен әңгімелесіп, саябақ айналасында ұрылған 4 құдықтың жұмыс жасауы үшін электр желісі тартылуы керектігін есіткен аудан басшысы Руслан Маратұлы өңіріміздің көркін ашатын бұл нысан үшін өз тарапынан барлық көмекті көрсететінін атап өтті.