Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?

0 13

Отбасындағы жанжалдың соңы күш қолдануға ұласса, оны «отбасының ішкі мәселесі» деп қабылдауға болмайды. Адамның денсаулығына, қауіпсіздігіне немесе психологиялық жағдайына зиян келтіретін әрекеттер заңмен шектеліп, оған жауапкершілік қарастырылған, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған жол берген адамдарды жауапкершілікке тарту бағытында құқықтық тетіктер қалыптасқан. Заң талаптары отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және зорлыққа ұшыраған азаматтарды қорғауға бағытталған.

Мәселен, адамды ұрып-соғу немесе оның денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Бұл әрекеттер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі 109-1 және 108-1-баптармен реттеледі.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда полицияның да міндеті бар. Құқық қорғау органдары отбасындағы жанжалдарға қатысты шақыртулар бойынша тиісті шара қабылдап, қажет болған жағдайда қорғау нұсқамасын шығарады. Оның мақсаты – жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оған қатысты зорлық әрекеттерінің қайталануына жол бермеу.

Қауіп жағдайында қалған азаматтар арнайы көмекке де жүгіне алады. Қажет болған жағдайда жәбірленушілерді дағдарыс орталықтарына орналастыру мәселесі қарастырылады. Мұндай орындарда азаматтарға психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіліп, одан әрі не істеу керектігі жөнінде кеңес беріледі.

Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда ең маңызды қадамдардың бірі – мәселені жасырмай, уақытылы көмекке жүгіну. Өйткені зорлық фактісін елемеу жағдайдың қайталануына немесе одан әрі күрделенуіне әкелуі мүмкін.

Құқықтық көмекке немесе қорғауға мұқтаж азаматтар бірнеше байланыс арнасына хабарласа алады:

102 – полиция;

111 – отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша байланыс орталығы;

150 – сенім телефоны.

Бұл нөмірлерді есте сақтау маңызды. Әсіресе қауіп төнген жағдайда мәселені өз бетімен шешуге тырыспай, тиісті мамандардың көмегіне жүгінген жөн.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Отбасындағы қауіпсіз орта қалыптастыру, балаларды зорлықсыз қарым-қатынасқа тәрбиелеу және құқықтық сауаттылықты арттыру да қоғам үшін маңызды.

Заңның басты мақсаты – жазалау ғана емес, зорлық-зомбылықтың алдын алып, адамның қауіпсіздігін қорғау. Сондықтан қандай да бір зорлық фактісіне тап болған азаматтың көмек сұрауы – әлсіздік емес, өз құқығын қорғаудың заңды әрі дұрыс жолы.