Шуда есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қойылды

0 8

Жамбыл облысының Шу қаласында есірткінің заңсыз айналымының алдын алуға бағытталған жедел-профилактикалық шара барысында ірі көлемде есірткі заты тәркіленді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Операция «Қарасора-2026» және «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында жүргізілген. Нәтижесінде 39 жастағы жергілікті тұрғын ұсталып, оның үйінің аумағына жүргізілген тінту кезінде 10 келі 108 грамм гашиш табылған.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Мұндай жұмыстардың мақсаты тек қылмысты анықтау емес, есірткі заттарының таралуына жол бермей, оның қоғамға, әсіресе жастарға тигізетін кері әсерінің алдын алу.

Жедел іс-шараға ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің, Жамбыл облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының және Шу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты. Операцияға ҚР ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаментінің Шу аудандық бөлімінің мамандары мен Қызылорда облысы полиция департаментінің жедел қимыл арнайы жасағы күштік қолдау көрсетті.

Мамандар есірткінің заңсыз айналымына қатысты кез келген деректің дер кезінде анықталуы маңызды екенін атап өтеді. Өйткені есірткі қылмысының алдын алу құқық қорғау органдарының ғана емес, жалпы қоғамның ортақ міндеті.

Қазіргі таңда аталған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің әрекетіне құқықтық баға тергеу нәтижесінде беріледі.