Жоғары оқу орындарындағы оқу мерзімін үш жылға қысқарту ұсынылды

0 13

Respublica фракциясының депутаттары кадр тапшылығын азайту үшін жоғары оқу орындарындағы кейбір білім беру бағдарламалары бойынша оқу мерзімін үш жылға қысқартуды ұсынды. Бұл туралы депутат Махамбет Хасенов Құрылтайдың пленарлық отырысында Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Ұсынысты барлық мамандыққа бірдей енгізу көзделмейді. Депутаттардың пікірінше, үш жылдық оқу моделі еңбек нарығының сұранысы мен білім беру сапасына нұқсан келмейтін бағыттарда қолданылуы керек. Ол үшін әр мамандық бойынша жеке талдау жүргізу қажет.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бағалауынша, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына шамамен 2,9 млн кадр қажет болады. Оның 1,8 миллионы – жұмысшы мамандар.

«Жабдықты іске қосатын адам болмаса, инвестиция нақты өндіріске айналмайды», деді Махамбет Хасенов.

Депутаттың айтуынша, кадр тапшылығы өндірістік қуаттардың толық іске қосылмауына, инвестициялық жобалардың кейінге шегерілуіне және еңбек өнімділігінің төмендеуіне әсер етуі мүмкін.

Қазақстанда бакалавриаттың үш жылдық оқу үлгісін қолдану тәжірибесі бар. Депутат бұл тәсіл еңбек нарығындағы сұранысы жылдам өзгеретін IT, цифрлық технологиялар, маркетинг, сервис және туризм сияқты бағыттар үшін өзекті болуы мүмкін екенін атап өтті.

Respublica фракциясы үш жылдық оқу моделін енгізуге қатысты бірнеше ұсыныс жасады. Атап айтқанда, «Атамекен» ҰКП және бизнес өкілдерімен бірлесіп, үш жыл ішінде даярлауға болатын білім беру бағыттарының тізімін анықтау ұсынылды.

Сонымен қатар триместрлік оқу жүйесі, жазғы семестр және дуалды оқыту элементтері қамтылатын пилоттық жобаны іске қосу ұсынылып отыр. Фракция түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішіне салалық министрліктердің жауапкершілігін белгілеу мәселесін де көтерді.

«Университеттің басты нәтижесі – нарықта сұранысқа ие маман шығару. Үш жылдық формат – бір жыл ерте жұмысқа шығу, тәжірибе жинау, табыс табу және салық төлеу деген сөз. Кадр даярлау – тек әлеуметтік міндет қана емес, экономикалық өсудің негізгі шарты», деді Махамбет Хасенов.

Фракция Үкіметтен үш жылдық оқу моделін енгізуге болатын білім беру бағыттарының тізімін және оны іске асыру мерзімдерін айқындауды сұрады.