Журналистер спорт алаңында да қайсарлық пен табандылықтың үлгісін көрсетті
Жамбыл өңірінде қалыптасқан жақсы дәстүр бар, ол – журналистер спартакиадасы. Биыл да өз жалғасын тапқан айтулы дәстүр Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылды. Атап өтерлігі, бұқаралық ақпарат күніне орай ұйымдастырылған спартакиада Халық Жазушысы Шерхан Мұртаза есімімен байланысты өтті, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Оған өңірдің барлық бұқаралық ақпарат құралдарынан жинақталған жеті ірі команда қатысты. Оның ішінде «Салық тәртібі» газетінің ұжымы да бар. Ұжым қызметкерлері спорттың барлық түрі бойынша додаға өз ойыншыларын қосты.
Айтулы іс-шараның шымылдығы мемлекеттік Әнұранның орындалуымен және әдеттегідей спартакиада өңірден шыққан белгілі журналистердің ізгі құттықтауымен ашылды. Журналистер қауымы алдында БАҚ өкілдерінің қажырлы, табанды еңбегі туралы ардагер журналист, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы кеңінен-толғана айтып өтті
– «Бүгінгі жарыста қалам иелеріне толағай табыс, мұқалмас ерік-жігер тілеймін. Сайыста бар күш-қайратты сарп етіп, оқ бойы оза шабуларыңызға тілектеспін. Қазақта «өліспей беріспеу» деген аталы сөз бар. Ендеше, намысты қолдан бермей, жеңімпаз бен жүлдегер болуға әркім барын салатынына сенімім мол, – деді Көсемәлі Сәттібайұлы.
Сондай-ақ журналистер қауымын облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы да құттықтады.
– Өздеріңіз жақсы білетіндей, бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сіздер қоғамның тыныс-тіршілігін халыққа жеткізіп, елдің дамуына үлес қосып келесіздер. Баршаңызды кәсіби мерекемен құттықтаймын. Осындай спорттық іс-шаралар өзара достықты арттырып, салауатты өмір салтын насихаттайды. Бүгінгі додада баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді басқарма басшысы.
Журналистер күніне арналған спартакиада спорттың 6 түрі бойынша өтті. Командалар алдымен эстафеталық жүгіру бойынша сынға түсті. Бұл кезеңде қатысушылар ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың үздік үлгісін көрсетті. Жарыс қорытындысына сәйкес, тартысты додада «77 tv» командасы топ жарды. Екінші орынға облыстық «TARAZ24» телеарнасының командасы лайық деп танылды. Ал «Салық тәртібі» командасы үшінші орыннан көрінді.
Спорттық дода көрігін ерлер және әйелдер арасында өткен қол күрес те қыздыра түсті. Сайыс қорытындысында «77 tv» құрамасының мүшесі Әділхан Сайлау топ жарды. Екінші орын «Taraz Press» командасынан Серік Тәжібаевқа бұйырса, облыстық «Jambyl» телеарнасының намысын қорғаған Байғани Бүркітбай үшінші орынға жайғасты. Сонымен қатар әйелдер арасында үшінші орынды «Салық тәртібі» командасынан Аида Көшкінбаева иеленді. Облыстық «Jambyl» радиосы командасының мүшесі Эльвира Әмзеева екінші орын алса, жүлделі бірінші орынға «Taraz Press» командасынан Айнұр Балтабаева тұрақтады. Үстел теннисі сайысында да қатысушылар өздерінің ептілігі мен тактикалық шеберліктерін паш етіп, жүлделі орындар үшін жан алысып, жан берісті. Ерлер арасындағы бәсекеде «Taraz Press» командасының өкілі Диас Шаухаров алтыннан алқа тағынды. Екінші орын «Салық тәртібі» командасының белді мүшесі Қанат Ергешовке бұйырса, үшінші орынға облыстық «Jambyl» теларнасы командасының ойыншысы Мерейхан Раймбаев қол жеткізді. Нәзікжандылар арасындағы жарыс та аса жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар өздерінің спорттық дайындығын барынша көрсете білді. Әйелдер арасында «Taraz Press» ұжымының мүшесі Зейнеп Увайдулла тамаша ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. «77 tv» командасының ойыншысы Сара Әбдиева күміс жүлдеге қол жеткізсе, үшінші орынды облыстық «Jambyl» радиосы командасының өкілі Эльмира Байжұманова еншіледі.
Ақыл-ойды аса қажет ететін интеллектуалды ойын түрі – дойбыдан ерлер арасында «Салық тәртібі» командасынан Сүндетулла Әбілов шын мықты екендігін дәлелдеді. Ал «TARAZ24» командасынан Нұрбол Қыстаубек екінші орынды, «Taraz Press» сапынан Нұрболат Әлдибеков жүлделі үшінші орынды иеленді. Әйелдер арасында «Taraz Press» командасынан қатысқан Ботагөз Темірбаева үздік шықса, «Салық тәртібі» командасының мүшесі Әсел Бөлекбаева екінші орынды иеленіп, облыстық «Jambyl» радиосы құрамасының өкілі Ләйлә Аманбай үшінші орынды місе тұтты.
Спорттық доданың аса қызықты әрі тартысты өткен кезеңдерінің бірі футбол жарысы болды. Бұл ойында «Taraz Press» командасы өз басымдығымен бірінші орыннан көрінді. Сондай-ақ «TARAZ24» телеарнасының командасы екінші орынды, облыстық «Jambyl» телеарнасы командасы үздік үштікті түйіндеді. Арқан тарту сайысында да командалар аянып қалмады. Бұл сында «Taraz Press» командасына тең келер қарсылас табылмады. Екінші сатыға «77 tv» жайғасса, үшінші орынды «AULIEATA-MEDIA» ЖШС командасы иеленді. Тартысты өткен спартакиаданың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте «Taraz Press» командасы топ жарды. Ал жоғары нәтижелерімен ерекшеленген «77 tv» командасы екінші орынды иеленіп, мерейі үстем болды. Үздік ойын өрнегі мен ұйымшылдықты таныта білген облыстық «Jambyl» радиосының командасы үшінші орынға тұрақтап, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Жалпы журналистің басты қаруы – қалам десек, сол қалам иелері бұл күні спорт алаңында да қайсарлық пен табандылықтың жарқын үлгісін көрсетті.