Желсіз түнде жарық ай

0 53

Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония мен Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өнерсүйер қауымға ерекше сый жасады. Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында ұлы ақынның шығармашылығына арналған «Желсіз түнде жарық ай» атты концерт-композиция өтті. Әдемі өнер кешін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көрермендермен бірге тамашалады, – деп хабарлайды “Aulieatanews” Ақпараттық агенттігі

Жиналған жұртшылық алдымен LED экран арқылы «Тарих. Тағдыр. Тұлға» атты деректі фильмді тамашалады. Осыдан кейін әдеби-сазды іс-шара белгілі дирижер Адай Жұмат жетекшілік ететін Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Абайдың «Торжорға» күйімен ашылды. Әсерлі кешті «Мерей» тобы мен «Шолпы» би ансамблі ақынның осы тамаша кешке тақырып болған «Желсіз түнде жарық ай» әнімен жалғады. Облыстық драма театрының әртістері «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» туындысын нақышына келтіре оқыса, мәдениет саласының үздігі Жанатбек Кәдіров Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен хәкімнің әйгілі «Көзімнің қарасы» әнін шарықтата шырқады.

Театр тарландары Абайдың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Қажымас дос халықта жоқ», «Сегіз аяқ» туындыларынан керемет композиция әзірлеген екен. Ол да, ғажап сомдалған Абай мен Тоғжанның, Абай мен Әйгерімнің поэтикалық көріністері де көрермен ықыласына бөленді. Мәдениет саласының үздігі Айгүл Мақашева мен Сұлужан Әбенова «Сегіз аяқ» әнін орындап, сезім пернелерін басты.

«Абай» операсынан «Ажардың ариясы», ақынның А.Пушкиннен аударған «Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Айттым сәлем, Қаламқас» атты сазды шығармалары да, «Есіңде бар ма жас күнің?», «Ғашықтың тілі тілсіз тіл», «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» атты терең философиялық һәм лирикалық өлеңдері де көңіл толғандырып, көптің санасына сөнбес сәулесін шашты.

Бұл Абай әндері, музыкалық мұралары Әулиеата аспанында әуелеген, асқар таудың алыстаған сайын биіктейтініне тағы да көз жеткізген кеш болды. Жамбыл жұртшылығы ұлы Абайдың өлмес мұраларына, соны жүректерге жеткізе білген өнер иелеріне дүркірете қол соқты. Кеш соңында өнерпаздарға өңір басшысы Бердібек Машбекұлының ықылас гүлі салтанатты түрде табыс етілді.