«Жастар практикасы» аясында 33,3 мың адам жұмысқа орналасты

0 218

2024 жылы халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының бірі – «Жастар практикасын» жүзеге асыру аясында 33,3 мың адам жұмысқа орналастырылған, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында білім беру ұйымдарының 35 жастан аспаған жұмыссыз түлектері жастар практикасына қатыса алады. Бағдарламаға қатысу үшін азаматтар жергілікті мансап орталықтарына өтініш беруі қажет.

«Жұмыс беруші жастар практикасына қатысушыларға кәсіби білім мен жұмыс тәжірибесін беру үшін тәлімгерді бекітеді. Жастар практикасын қаржыландыруды Еңбек мобильділігі орталығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы ай сайынғы жалақы төлеу арқылы жүзеге асырады. Төлем екінші деңгейдегі банктерде ашылған қатысушылардың ағымдағы (карточкалық) шоттарына ақша қаражатын аудару жолымен жұмыс беруші ұсынған мәліметтер негізінде жүргізіледі», делінген хабарламада.

Айта кетейік, Республика бойынша орташа жалақы мөлшері 109,5 мың теңгені, Ақтөбе облысында ең жоғары көрсеткіш – 120,9 мың теңгені құраған.

Жұмысқа орналасқандар саны бойынша өңірлер арасында көш бастап тұрғандар:

  • Түркістан облысы – 8,6 мың адам;
  • Қызылорда облысы – 3,2 мың адам;
  • Жамбыл облысы – 2,6 мың адам;
  • Шымкент қаласы – 2,4 мың адам

Жастар практикасына қатысатын әйелдердің үлесі 64,8% немесе 21,6 мың адамды, ауыл тұрғындарының үлесі – 19,3 мың адамды немесе 57,9%-ды құраған.

Жұмысқа орналастырылғандар арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар: мейіргер – 2 216 адам, бастауыш сынып мұғалімі – 1 498 адам, заңгер – 1 481 адам, дене шынықтыру мұғалімі – 1 323 адам, фельдшер – 1 277 адам.