Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу — басты міндет

0 294

Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Құқық  қорғау органының негізгі қызметі – кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықты алдын алу және болдырмау, құқықтық сауаттылықты арттыру, заңсыз іс-әрекеттер жасаудан қорғау, жас ұрпаққа  заңға бағынушы азамат ретінде құқықтық тәлім-тәрбие беру, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпарат агенттігі Жамбыл облысы, Талас ауданының прокуратурасының баспасөз қызметіне  сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының әр азаматының міндеті – заң талаптарын сақтау, өзге адамдардың құқығын бұзбау, өзіне жүктелген міндеттерін жете біліп орындау болып табылады. Заңды білмеу, оны бұзу жауапкершіліктен құтқармайтынын жас ұрпаққа үнемі түсіндіреміз. Бұдан бөлек, Талас ауданының прокуратурасы мен аудандық білім бөлімі тарапынан кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында іс-шаралар жүргізу жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, отбасылық зорлық-зомбылық, нашақорлық, кереғар діни ағымдар мен секталардың іс-қимыл тәсілдері, өз-өзіне қол жұмсауға жол бермеу жөнінде аудан аумағында орналасқан мектептерде жоғары сынып оқушыларының қатысуымен түсіндіру лекция-семинарлары апта сайын жүргізілуде.

Талас ауданының прокуратурасы мен білім бөлімі аудандағы жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мен бұқаралық спорт түрлерін насихаттау мақсатында жастармен кәмелетке толмағандар  арасындағы  құқық бұзушылықтың профилактикасы және этносаралық келісім эстафеталық жарыстарын өткізді. Бірнеше кезеңнен тұратын жарысқа Қаратау қаласының орта мектептері оқушыларынан құралған командалар қатысып, спорттың волейбол, баскетбол, футбол түрлері бойынша бақ сынады. Аталған іс-шаралардың мақсаты – соңғы уақытта аудан аумағында кәмелетке толмағандар арасында жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың бос уақыттарын пайдалы және тиімді ұйымдастыру, елімізге дені сау ұрпақты тәрбиелеу.

Қаратау қаласындағы №1 лицейінде өткен спорттық іс-шараға Қаратау қаласының барлық мектептерінің оқушылары қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар диплом және медальдармен марапатталды. Бұл бағыттағы іс-шаралар  алдағы уақытта да жалғасын  табады.

«Ел болам десең, бесігіңді  түзе» деп дана қазақ халқы айтқандай, бүгінгі жастар еліміздің болашағы.  Болашағымыз ғұмырлы, салиқалы болуын қаласақ, жасөспірімдердің тәрбиесіне көңіл бөліп, қадағалауға атсалысуымыз қажет.