Жаңа шағынауданда 196 отбасы қоныстойын тойлады

0 14

Тараз қаласының Әулиеата ауданындағы Ұлы дала (15) шағынауданында тағы бір көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 196 отбасы көптен күткен баспанасына қол жеткізді. Қала келбетін айшықтай түскен бес қабатты тұрғын үйдің ел игілігіне тапсырылуы тұрғындардың қуанышына ұласты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Салтанатты рәсімге Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қоғамдық кеңес өкілдері мен зиялы қауым қатысты.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биыл облыс бойынша 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен Тараз қаласында жаңа тұрғын үйлер салу жұмыстары жалғасуда. Халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жүзеге аса береді, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Облыс әкімінің айтуынша, өткен жылы өңірде 16 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл 1190 пәтерді қамтитын 31 тұрғын үйді ел игілігіне тапсыру көзделіп отыр. Бұл көрсеткіш өңірде тұрғын үй құрылысының қарқыны жылдан-жылға артып келе жатқанын аңғартады.

Өз кезегінде «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мемлекеттік бағдарламалардың арқасында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын айтты.

– Бүгін жаңа пәтерлер тұрғын үй кезегінде ұзақ жылдар бойы тұрған азаматтарға табысталып отыр. Қажетті рәсімдер толықтай электронды жүйе арқылы жүргізілді. Қазіргі таңда Жамбыл облысында тұрғын үй кезегінде шамамен 60 мың азамат тұр. Бүгінде 2016-2017 жылдары кезекке тұрған тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл мәселе алдағы уақытта да өз шешімін табады, – деді банк төрағасы.

Сондай-ақ ол елімізде биыл жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлер саны рекордтық деңгейге жеткенін атап өтті. Жыл басынан бері республика бойынша 12 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 8 мыңға жуық баспананы тапсыру жоспарланып отыр.

Қоныс иелерінің қуанышы ерекше. Солардың бірі – тараздық Арайлым Шатырова. Ол тұрғын үй кезегінде он бір жылдан астам уақыт тұрғанын айтып, көптен күткен арманының орындалғанын жеткізді.

– Осы күнді ұзақ күттік. Бүгін екі бөлмелі жаңа пәтердің кілтін алып, отбасымызбен үлкен қуанышқа кенеліп отырмыз. Өз баспанамыз болса деген арманымыз орындалды. Осындай қолдау көрсетіп отырған мемлекетке алғысымыз шексіз, – дейді ол.

Ұлы дала шағынауданында бой көтерген жаңа тұрғын үй жүздеген отбасының тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Баспаналы болған азаматтардың қуанышы – елдегі әлеуметтік саясаттың нақты нәтижесі әрі халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бастамалардың жемісі.