Жамбыл облысында су тасқынының алдын алу бойынша ауқымды оқу-жаттығу өтті

0 766

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің шұғыл тапсырмасы бойынша кеше Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында су тасқынының, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ауқымды оқу-жаттығу ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара барысында азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдарының күштерінің, жеке құрамнан құрылған шұғыл әрекет ету жасағының, техникалар мен су сору құрылғылардың дайындығы іс жүзінде тексерілді.

Сондай-ақ, су қоймалары мен каналдардың ахуалы, арықтардың тазалығы зерделенді.

Шара барысында анықталған бірқатар кемшіліктерді жою, жұмыстарды күшейту бойынша жауаптыларға нақты міндеттер жүктелді.

Жалпы, облыс бойынша оқу-жаттығу жұмыстарына 618 адам, 192 техника тартылды.

Айта кетейік, «Қазгидромет» РМК филиалының дауылдық ескертуіне сәйкес, 2024 жылдың 23 мен 26 сәуір аралығында өңірде қатты жауын-шашын күтілуде.

Осыған байланысты облыс әкімі жауаптыларға су басу қаупі жоғары аймақтарды жіті зерделеп, шұғыл әрекет ету жасағының дайындығын пысықтауды тапсырған болатын.