Жамбыл облысында Ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңес құрылады

0 370

Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев ҚР Президентінің жанындағы «ҚР Ұлттық Ғылым академиясы» КЕАҚ басқарма президенті Ақылбек Күрішбаевтың қатысуымен Таразда өткен академия төралқасының «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» атты көшпелі отырысында сөйлеген сөзінде айтты. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде ұйымдастырылған отырысқа ауылшаруашылығы, ғылым және жоғары білім, су ресурстары және ирригация, экология және табиғи ресурстар вице-министрлері, Парламент депутаттары, «ҰАҒБО» КеАҚ, «Атамекен» ҰКП, «Ғылым қоры» АҚ, ЖОО және ҒЗИ, өңірлік бизнес субъектілерінің басшылары қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның өңірлік ғылым жүйесінде ғалым-зерттеушілердің 35 пайызы ғана жұмыс істейді. Нәтижесінде ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың басым бөлігі Алматы мен Астанаға тиесілі. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттерден ғылымды қаржыландыру көлемі өте төмен, оның үлесі 2023 жылы ғылыми зерттеулерге жұмсалған жалпы шығындардың 0,4 пайызын ғана құрайды. Он өңірде бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттерден қаражат мүлдем қаралмаған. Сонымен қатар, өңірлерде білім тарату жүйесі іс жүзінде жоқ, ғылым нақты сектордың проблемаларынан, ал бизнес ғалымдардың мүмкіндіктерінен хабарсыз.

Осы факторлардың барлығы жергілікті жерде инновацияның дамуына кедергі келтіреді. Осыған байланысты Ұлттық Ғылым академиясы бұл мәселені шешу үшін бірқатар шараларды ұсынды. Ең алдымен, ол Мемлекет басшысының жергілікті өңірлік Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңестер құру туралы тапсырмасын орындау. «Олар өңірдегі ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындап, білімді тарату, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу және технологиялар трансферті жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырушы болуға тиіс. Бұдан бөлек, кадрлардың қажеттілігіне, оларды даярлау сапасына мониторинг жүргізіп, осы істе бұрмалаудың алдын алу мақсатында қандай мамандықтар бойынша даярлықты қысқарту немесе ұлғайту қажеттігі туралы ұсыныстар енгізуі қажет», деп атап өтті Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде.

Оның айтуынша, өңірлік Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңестер аймақ пен орталық ғылыми ұйымдар және университеттер арасындағы дәнекерге айналып, оларды жергілікті мәселелерді тереңірек зерттеу үшін аналитикалық материалдармен қамтамасыз етіп, қажет болған жағдайда елдің ірі ғылыми орталықтарының мүмкіндіктерін тарта отырып шешеді. Бұл ретте ҚР ҰҒА-ның басшысы жергілікті бюджеттердің ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға және оларды өндіріске енгізуге қатысуын, өңірлік проблемаларды шешу үшін ғылыми зерттеулерге мемлекеттік тапсырысты орналастыруды, осы процеске бизнес қаражатын тартуды, сондай-ақ жергілікті жерлерде ғылымды дамыту қорларын құруды қоса алғанда, өңірлер деңгейінде ғылымды қаржыландырудың маңыздылығын атап өтті.

ҚР Ғылым академиясы өңірдің ғылыми ұйымдарын басқару мәселелерінде жергілікті атқарушы органдардың рөлін арттыруға, өңірлік университеттер, колледждер мен ғылыми ұйымдар базасында, оның ішінде фермерлер үшін әр ауданда білімді тарату орталықтарын құруға ерекше назар аударады. Сондай-ақ ҚР Ғылым академиясы жергілікті атқарушы органдардың өңірлік университеттер мен ғылыми ұйымдарды басқаруына қатысуы үшін әкімдік өкілдерін Директорлар немесе Бақылау кеңестерінің құрамына енгізуді көздейді. ҚР Ұлттық академиясы пилоттық режимде бұл шараларды Жамбыл облысының аумағында іске асырып, аталған тәжірибені еліміздің барлық өңірлерінде қолданысқа енгізуді ұсынды.

Өз кезегінде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев әкімдік жанынан облыстық Ғылым және технологиялар кеңесі құрылатынын, оның құрамына жергілікті мәслихат депутаттары, ғалымдар мен ірі бизнес өкілдері кіретінін атап өтті. «Облыста ауылшаруашылығын дамытудың стратегиялық мәселелерін шешуге толық мүмкіндік бар. Осылайша, өсімдік шаруашылығы осы салада өндірілетін өнімнің 60 пайызын қамтамасыз етеді. Бірақ, жоғары өнімділікке жету үшін сапалы тұқымдар қажет. Тұқымды өсіріп қана қоймай, оны әрі қарай өңдеп, сатылымға шығару мәселесін де қолға алған жөн», деді Е. Қарашөкеев.

Оның айтуынша, облыс әкімдігі тұқым шаруашылығын дамыту бағытына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Өткен жылы ғалымдардың жетекшілігімен шаруаларды жоғары сапалы репродукциялы тұқыммен қамтамасыз ету үшін 12 түрлі күздік бидай дақылына тәжірибе жүргізілді. Биылғы жылы тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға облыстық бюджеттен 857 миллион теңге бөлініп отыр.

Сонымен қатар бүгінгі таңда суды үнемдейтін технологияларды енгізу – ауылшаруашылығын дамытудың басты мақсаттарының бірі. Бүгінгі таңда облыстағы су үнемдеу технологияларын пайдаланатын алқап көлемі қосымша 7 мың гектарға ұлғайтылып, биыл 47 мың гектарға жаңбырлатып және тамшылатып суаруды енгізу жоспарлануда.

Облыс әкімі өңірде инвестиция тарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын да айтты. Мәселен, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық және инновациялық жобаларды іске асыруға Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына қарасты Бесағаш тәжірибе стансасы аумағында 231 гектар демонстрациялық алаң құрылуда. Бұл жобаға әлемдік жетекші тұқым және ауылшаруашылығы жабдықтарын өндірушілері қызығушылық танытып отыр. Мәселен, Түрік, Қытай, Француз елдерінің компаниялары селекция мен тұқым шаруашылығы жетекші дақылдарын, минералды тыңайтқыштарын, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесін енгізуге ниетті. Бұдан басқа, мұнда су жүйелерін бетондауға арналған және ауылшаруашылығы мақсатындағы дрондарды пайдалану жобасы іске асырылады, су үнемдеу технологияларын, ауылшаруашылығы техникасын және бизнес-құрылымдар мен жергілікті фермерлер үшін білімді тарату орталығын құру жоспарлануда.