Көшпенділер дүбірінде Әулиеата спортшылары топ жарды

0 3

Қырғыз Республикасында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спорттың мәртебесін айқындап, дүбірлі доданың халықаралық деңгейдегі беделін тағы бір мәрте көрсетті. 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында ұйымдастырылған байрақты бәсекеге әлемнің 113 елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысып, ұлттық және этникалық спорт түрлерінен бақ сынады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Бұл додада Қазақстан құрамасы үздік нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Ел спортшылары 32 алтын, 20 күміс, 22 қола медаль еншілеп, жалпы саны 74 жүлде жеңіп алды. Ұлттық құрама сапында Әулиеата өңірінің 22 спортшысы ел намысын қорғап, 8 алтын, 11 күміс және 7 қола медальмен қоржынды толықтырды.

Әр спорт түрінде сынға түскен жерлестеріміз ұлттық құраманың сапын бекемдеп, ел абыройын асқақтатты. Жамбы атудан «Қырғыз» стилінде Абзал Тұлыбеков алтыннан алқа тақса, «Мажар» стилінде қола жүлдені иеленді. Құсбегіліктен қаршыға түрінде өнер көрсеткен Серікболсын Жалғасұлы жеңімпаз атанды. Ителгімен сынға түскен Бақдәулет Бабажан күміс жүлдеге қол жеткізді.

Қол күресінен де облыс спортшылары жоғары нәтиже көрсетті. Әйелдер арасында 65 килограмнан жоғары салмақта бақ сынаған Малена Сыдықжан оң және сол қол бағдарламаларының екеуінде де қарсылас шақ келтірмей, екі алтын медальді қанжығасына байлады. Ерлер арасында 70 килограмм салмақта өнер көрсеткен Бақыт Ақжігітов оң қол сайысында күміс, сол қол бәсекесінде қола медаль алды.

Қазақ күресінен 60 килограмм салмақта белдескен Ернұр Сүлеймен де дүбірлі додада дараланып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Ұлттық спорттың өзге түрлерінде де жамбылдықтардың нәтижесі көңіл қуантты. Ордо ойынында Нұрсұлтан Қалманбетов, Райымбек Кенжебайұлы және Ерсұлтан Тоқтасынұлы үшінші орынға ие болды. Көкпарда Құрманбек Тұрғанбек, Елдос Асыл, Ернат Мәлімбай, Ерғалым Жақсылық, Қуаныш Бейсен және Ерсұлтан Әзімбаев күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал көкбөрі сайысында Есжан Құрманбай мен Құлажан Тоғайбаев екінші орыннан көрінді.

Ат спорты бағытындағы жарыстарда да Әулиеата өңірінің өкілдері өз мүмкіндіктерін толық көрсете білді. Ұшқыр бәйгеде Рамазан Табылдиев пен «Зерек» сәйгүлігінің иесі Нұрбек Парахат 2400 метрлік қашықтықта бірінші, 3200 метрде екінші нәтиже көрсетті. Диас Жеңіс аталған екі қашықтықтың екеуінде де үшінші орыннан көрінді.

Ал 300 шақырымға созылған «Жорық» ат жарысында Жамбыл облысының «Кавказ» атты сәйгүлігі мәре сызығын бірінші болып кесті. Осылайша оның иесі Расул Газаев та жеңіс тұғырынан көрінді.

Демонстрациялық жарыс ретінде өткен «NomadGrappling» сайысында да облыс спортшылары жүлдесіз қалған жоқ. Әйелдер арасында 57 килограмм салмақта сынға түскен Аяна Иса жеңімпаз атанса, ерлер арасында 77 килограмда өнер көрсеткен Аскербек Иса жүлдеге ие болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қарсы алу рәсімі Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында ұйымдастырылды. Халықаралық додада ел намысын абыроймен қорғаған спортшыларды жерлестері зор қошеметпен қарсы алды. Салтанатты жиынға спортшылармен бірге олардың бапкерлері, спорт саласының ардагерлері мен жанкүйерлер қатысты.

Салтанатты шараны облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов ашып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтады.

– Құрметті спортшылар! Сіздерді Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтижеге қол жеткізгендеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Облысымыздан 22 спортшы қатысып, жалпы 26 медальға ие болды. Бұл – спортшыларымыздың тынымсыз еңбегі мен ұлттық спортқа деген адалдығының нәтижесі. Сіздер ел намысын қорғап, көк туымызды биікте желбіреттіңіздер. Ұлттық спорттың мәртебесі артып, оны дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашылып келеді. Алдағы уақытта да спортшыларымыздың биік белестерді бағындыратынына сенім мол. Баршаңызға еңбектеріңіз бен жеңістеріңіз үшін алғыс білдіремін. Жеңістеріңіз құтты, алар асуларыңыз биік болсын! – деді Ернар Таласбекұлы.

Жиында облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы, қазақ күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тәуірбек Қарауылтегі де сөз алып, спортшыларға ақжолтай тілегін жеткізді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ерекше назар аудартқан жетістіктің бірі – бір отбасынан шыққан екі бауырдың қатарынан жүлдеге ие болуы. Аяна Иса NomadGrappling жарысында 57 килограмм салмақта сынға түсіп, алтын медаль иеленсе, ағасы Аскербек Иса 77 килограмм салмақта күміс жүлдеге қол жеткізді.

15 жастағы Аяна үшін бұл халықаралық жарыс айрықша есте қаларлықтай болды. Ол екі белдесу өткізген. Алғашқы кезеңде қарсыласы жарысқа шықпағандықтан, бірден финалға жолдама алған. Шешуші белдесуде қырғызстандық спортшымен кездесіп, қарсыласынан басым түсіп, алтын жүлдеге ие болды.

Ал ересектер арасында бақ сынаған Аскербек Иса да өз шеберлігін танытып, 77 килограмм салмақта күміс медальды еншіледі. Екі бауыр да дүбірлі додаға үш жарым айдан астам уақыт дайындалып, жаттығуларын үзбей жалғастырған. Оларды жарысқа жаттықтырушысы Ерлан Сембеков баптады.

Көшпенділер ойындарында қазақ күресінен 60 килограмм салмақта алтын алған Ернұр Сүлейменнің де жеңісі көпшілік үшін қуанышты жаңалық болды. Балуан жарысқа бірнеше ай бойы тыңғылықты дайындалған. Үш оқу-жаттығу жиынынан өткен спортшы жарыс барысында төрт белдесу өткізіп, ақтық сында Грузия балуанымен кездесті. Оның жарысқа дайындығын бапкері Елдос Далабай пысықтап, жауапты сында спортшыға қажетті бағыт-бағдарын берді.

– Жарыс барысында төрт белдесу өткізіп, ақтық сында Грузия балуанымен кездестім. Қарсыласым да осал емес екен. Десе де халықтың қолдауы мен бапкерлерімнің ақыл-кеңесінің арқасында бірінші орын жүлдегері атандым. Негізі, бұл менің Көшпенділер ойындарындағы алғашқы жеңісім емес. Бұған дейін 2024 жылы Астана қаласында ұйымдастырылған жарысқа басқа спорт түрінен қатысып, күміс жүлдеге ие болғанмын. Биыл сол күмісті алтынға алмастырып отырмын. Бізге жанкүйер болып, қолдауын аямаған жерлестеріме үлкен рахметімді айтамын, – дейді Ернұр Нұрлыбекұлы.

Ұлттық спортты ұлықтаған халықаралық дода Әулиеата спортшыларының шеберлігі мен табандылығын тағы бір мәрте танытты. 22 спортшының 26 медальға қол жеткізуі – өңірде ұлттық спорттың дамуына беріліп отырған басымдық пен спортшылардың маңдай терінің нәтижесі.

Көшпенділер ойындарындағы жарқын жеңістер ел спортының көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, жас ұрпақтың ұлттық спортқа қызығушылығын арттырып, салт-дәстүрді дәріптеуге жол ашары сөзсіз. Әулиеата спортшыларының бұл жетістігі – соның айқын көрінісі.