Балалар спорты – болашақ чемпиондардың баспалдағы
Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Меркі ауданындағы №20 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Қайсар Бегалиевтің қатысуымен баспасөз брифингі өтті. Жиында спорт мектебінің кейінгі жылдардағы атқарған жұмыстары, оқу-жаттығу барысы, спортшылардың жетістіктері және алдағы жоспарлары сөз болды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға, өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға айрықша мән беріп келеді. Бұл бағытта балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту, олардың қабілетін шыңдау және жоғары нәтижеге қол жеткізетін спортшыларды тәрбиелеу маңызды міндеттердің бірі.
Брифинг барысында №20 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Қайсар Бегалиев мектепті 2024 жылдан бері басқарып келе жатқанын айтып, осы кезеңде бірқатар маңызды жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Оның айтуынша, басты назар спорт мектебінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жаттығу процесінің сапасын арттыруға және жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге бағытталған.
– Біздің негізгі мақсатымыз – балаларды спортқа тарту ғана емес, олардың арасынан жоғары нәтижеге қол жеткізетін болашағы зор спортшыларды даярлау. Бұл үшін жаттығу процесін жүйелі ұйымдастырып, спортшыларға қажетті жағдай жасауға тырысып келеміз, – деді Қайсар Бегалиев.
№20 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты 2021 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілген. Бүгінде ол Меркі ауданындағы балалар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін негізгі спорттық нысандардың біріне айналып отыр.
Мектепте 2025–2026 оқу жылында 50 штаттық бірлік бойынша 50 қызметкер еңбек етеді. Оның 25-і – жаттықтырушы, 14-і – кіші қызметкер, 11-і – әкімшілік қызметкер. Жаттықтырушылар құрамының кәсіби деңгейін көтеруге де ерекше көңіл бөлінуде. Қазір мұнда 2 жоғары санатты және 6 екінші санатты жаттықтырушы қызмет атқарады.
Сонымен қатар мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Ағымдағы жылы спорт саласы мамандарын кезең-кезеңімен оқыту аясында мектеп жаттықтырушылары Астана қаласында біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. Бұл арқылы олар заманауи жаттықтыру әдістемелерін меңгеріп, кәсіби білімдерін жетілдіруде.
Спорт мектебінде бүгінде 9 спорт түрі бойынша 48 оқу тобы жұмыс істейді. 25 жаттықтырушы 740 спортшыны даярлап жатыр. Оның ішінде 7 спорт түрі – олимпиадалық, 2-еуі – ұлттық спорт түрлері.
Спортшылардың спорттық шеберлігін арттыру бағытындағы жұмыстардың нәтижесі де көңіл қуантады. Мектепте жасөспірімдік спорттық разряды бар 113 спортшы және Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер 44 спортшы бар.
Жарыстардағы көрсеткіштер де спорт мектебінің жүйелі жұмысының нәтижесін аңғартады. 2025–2026 жылдар аралығында 641 спортшы түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, олардың 213-і жүлделі орындарға ие болған.
Ал 2024–2026 жылдар аралығында мектеп спортшылары Қазақстан Республикасы чемпионаттарында 1 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алған. Жамбыл облысы чемпионаттарында 29 алтын, 20 күміс және 57 қола медаль иеленген.
– Әрбір жүлденің артында үлкен еңбек жатыр. Бұл тек спортшының емес, оның жаттықтырушысы мен ата-анасының да ортақ еңбегі. Сондықтан біз үшін жарысқа қатысу ғана емес, спортшының шеберлігін тұрақты түрде жетілдіруі маңызды, – деді мектеп басшысы.
Бұдан бөлек, спорт мектебі жоғары жетістіктер спортын дамытумен қатар, бұқаралық спортты кеңейтуге де атсалысып келеді. Ағымдағы жылы мектептің ұйымдастыруымен 22 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 2 947-ден астам адам қамтылған. Оның ішінде 11 аудандық, 7 облыстық және 4 республикалық деңгейдегі іс-шара бар.
Мұндай жарыстар мен спорттық шаралар балалар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын қалыптастыруға да ықпал етеді.
Алдағы уақытта спортшылардың кәсіби даярлығын арттыру, жаттықтырушылардың біліктілігін жетілдіру, оқу-жаттығу процесіне заманауи әдістерді енгізу және үздік спортшылардың республикалық, халықаралық додаларға қатысу мүмкіндігін кеңейту көзделіп отыр.
Мектеп ұжымы үшін ең үлкен мақсаттың бірі – болашақта Олимпиада ойындарының жүлдегерлерін тәрбиелеу. Бұл ретте бүгінгі жас спортшылардың нәтижелері мен жаттықтырушылардың кәсіби әлеуеті аталған мақсатқа жүйелі түрде қадам жасауға мүмкіндік беріп отыр.
– Бұл – үлкен мақсат әрі үлкен жауапкершілік. Дегенмен қазіргі жетістіктеріміз бен спортшыларымыздың әлеуеті алға қойған міндеттерді орындауға мүмкіндік береді деп сенемін. Балалар спортына салынған инвестиция – елдің болашағына жасалған инвестиция, – деді Қайсар Бегалиев.
Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері спикерге спортшыларды даярлау, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру, спорттық инфрақұрылымды жетілдіру және мектептің алдағы жоспарларына қатысты сауалдарын жолдады. Қайсар Бегалиев журналистер тарапынан қойылған арнайы сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, спорт мектебінің жұмысына қатысты маңызды мәселелердің мән-жайын түсіндірді.