Заңсыз күңгірттелген әйнек жүргізушіге жаза әкелді

0 108

Жамбыл облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік құралдарының техникалық талаптарға сәйкестігін бақылау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Кезекті тексеру кезінде алдыңғы терезелерін заңсыз күңгірттеген жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Төле би көшесінде аумақты патрульдеу барысында полиция қызметкерлері Toyota Camry автокөлігін тоқтатқан. Тексеру нәтижесінде көліктің алдыңғы терезелерінің жарық өткізу деңгейі белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні белгілі болды. Бұдан бөлек, көлікті пайдалануға тыйым салынғаннан кейін оның қайта тіркеуден белгіленген тәртіппен өтпегені де анықталған.

Аталған заң бұзушылықтарға байланысты жүргізушіге қатысты әкімшілік шара қолданылды. Сондай-ақ автокөлік терезелеріне жапсырылған заңсыз күңгірттеу жабындысы алынып тасталды.

Облыстық полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жыл басынан бері көлік әйнектерін заңсыз күңгірттегені үшін 14 056 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл көрсеткіш жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көлік құралдарының техникалық талаптарға сай болуының маңызын аңғартады.

Полиция өкілдері жүргізушілерге көлікке өзгеріс енгізу кезінде қолданыстағы талаптарды ескеріп, заңда белгіленген нормаларды сақтаудың қажеттігін ескертеді. Себебі көлік әйнектерінің жарық өткізу деңгейі жүргізушінің жолды көру мүмкіндігіне және жол қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.