Келер жылы ҰБТ-ның жаңа форматы енгізіледі

0 141

Бүгін Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек  2025 жылы өтетін ҰБТ форматында өзгеріс енгізілетінін хабарлады. Келер жылы тест тапсырудың жаңа форматы пилоттық жоба ретінде іске қосылады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

Саясат Нұрбек орталықтандырылмаған жоғарғы оқуға түсу жүйесіне қарамастан, кем дегенде студенттерді бағалау, салыстыру және іріктеу үшін белгілі бір стандарт қажет екенін атап өтті.

«Министрлік 2021 жылдан бастап Дүниежүзілік банктің қолдауымен ҰБТ форматын қайта құру және ең бастысы – тест сұрақтарының мазмұнын түбегейлі қайта өңдеу бойынша үлкен жобаны іске қосты. Алдыңғы жылы біз екі бағыт бойынша жұмыс істедік. Біріншісі – SIT сияқты түбегейлі жаңа формат бойынша тесттерді дайындау, барлық сұрақтарды мазмұнды түрде қайта қарау. Өткен аптада бұл компонент аяқталды. Тест дайындауды әлемге әйгілі француз компаниясы жүргізді. Жаңа модель бойынша 350 тестолог дайындалды», деді Ғылым және жоғары білім министрі.

Министрдің айтуынша, жаңа модель бойынша дайындалған мамандар енді SIT форматына ұқсас жаңа әдістеме бойынша сұрақтар дайындайды. Саясат Нұрбек басқаратын ведомоство биыл ҰБТ бойынша ауқымды пилоттық жобаны жүзеге асыру тетіктерін енгізу дайындығына кіріседі.

«Біз базаны құрғанда жаңа ҰБТ форматын пилоттық түрде бастау үшін кем дегенде 50 мың сұрақ әзірлеуіміз керек. Мұнда өте мұқият, ұқыпты болуымыз қажет, өйткені форматтың күрт өзгеруі де үлкен проблемаларға алып келеді, жоғары сынып оқушыларын осы форматқа дайындау қажет. Біз пилоттық жобаны келесі жылы бастаймыз, жоба ҰБТ форматын бірден өзгертпейді, белгілі бір пилоттық режимде іске қосылады. Бірте-бірте біз SIT халықаралық стандартына көшеміз, онда әрбір талапкер өзі тестілеу орнын, уақытын таңдайды, дайындалады, тапсырады, сертификат алады, сонымен оқуға түседі», деді Саясат Нұрбек.