Баспана – бақыт мекені

0 3

Тұрар Рысқұлов ауданында тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Соның нәтижесінде ұзақ уақыт бойы баспана кезегінде тұрған бірқатар азаматтың қуанышы еселеніп, жаңа үйлердің кілті табысталды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Жаңа баспанаға қол жеткізу – әр отбасы үшін үлкен қуаныш. Осыны ескерген аудан әкімдігі тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне басымдық беріп келеді. Соңғы жылдардың өзінде ауданда 406 тұрғын үй бой көтеріп, ел игілігіне берілген.

Аталған үйлердің қатарында Арай алқабында салынған 80 пәтерлі екі көпқабатты  тұрғын үй, Луговой ауылындағы 20 қызметтік пәтер бар. Бұдан бөлек, 210 жеке тұрғын үй пайдалануға берілсе, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында тағы 15 баспана тұрғызылған. Бұл жұмыстар тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың мәселесін шешуге айтарлықтай мүмкіндік беріп отыр.

Баспана мәселесін шешуде мемлекеттік бағдарламалармен қатар, қаржы институттарымен бірлескен жұмыстардың да маңызы зор. Осы бағытта аудан әкімдігі «Отбасы банк» АҚ-мен тығыз байланыста жұмыс жүргізуде. Биыл бірлескен жұмыстар нәтижесінде 145 отбасын баспанамен қамту көзделіп отыр.

Жыл басынан бергі көрсеткіш те көңіл қуантады. Қазірдің өзінде аудан бойынша 80 отбасы жаңа баспанаға ие болып, қоныс тойын тойлаған.

Тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, кезекте тұрған азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік бермек.