Жамбыл облысы Полиция департаменті құнды әдеби сыйлықпен толықты

0 313

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасына сәйкес, 23 сәуір — Ұлттық кітап күні болып жарияланды. Айтулы күн елімізде кітап оқуды насихаттап, рухани жаңғырудың маңызды бір бағыты ретінде қабылданды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Осы мерекелі күні Жамбыл облысының Полиция департаментіне ерекше сый тарту етілді. Ішкі істер органдарының ардагері, марқұм полковник Иван Михайлович Волковтың немересі Любовь Михайловна құқық қорғау саласында қызмет атқарып жүргендерге 2000 дана кітап сыйға тартты. Бұл кітаптардың қатарында қазақ және әлем әдебиетінің таңдаулы туындылары, ғылыми-танымдық еңбектер мен тәрбиелік мәні зор шығармалар бар.

– Біз атамызды әрдайым мақтан тұтамыз. Ол өмірден өтсе де, отбасымыздың құқық қорғау саласымен байланысын жалғастырғымыз келеді, – дейді Любовь Михайловна.

Иван Волков – құқық қорғау саласында 25 жылдан астам уақыт қызмет атқарып, «Мінсіз қызметі үшін» (III дәрежелі), «Еңбек ардагері» медальдарымен, сондай-ақ «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20 жыл» және «КСРО Қарулы күштеріне 60 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған абзал жан.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Жайдарбек Құттыбаев осы маңызды күні аталған сый үшін ризашылығын білдіріп, Любовь Михайловнаға Алғысхат табыстады.

– Бұл – кітапқа деген құрметтің ғана емес, ардагерлерге деген тағзымның белгісі, – деді ол.

Айта кетейік, қазіргі таңда департаментте «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында кітап оқуды насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізілуде. Жоба жас ұрпақты оқуға баулуға, рухани даму мен мәдени мұраны танытуға бағытталған.