«Apple» тауар белгісін заңсыз қолданған кәсіпкерге айыппұл салынды
Таразда кәсіпкер әйелге «Apple» компаниясының тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жаза қолданылды, деп хабарлайды «Aulietanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Іс Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабы – «Бөгде тауар белгісін заңсыз пайдалану» бойынша қаралды.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2025 жылдың наурыз айында әділет департаментінің қызметкерлері келіп түскен өтінішке сәйкес дүкенге жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде «Apple Inc.» компаниясының тіркелген тауар белгісін рұқсатсыз пайдаланғаны анықталған.
Кәсіпкер әйелдің дүкенінен жалпы құны 111 мың теңгені құрайтын 33 дана телефон қаптамасы, үш «USB адаптер» және үш дана «Air Pods» көшірмесі тәркіленді.
«Кәсіпкер сот отырысына шақырылғанымен келмеді. Алайда, өзінің кінәсін мойындап, заңбұзушылықты мойындады. Құқық бұзушылық фактісі тауарларды тәркілеу туралы хаттамамен, тауар белгісі иесінің өтінішімен және тексеру тағайындау туралы актімен дәлелденді», – делінген сот мәліметінде.
Нәтижесінде, сот кәсіпкерді кінәлі деп танып, оған 82 мың теңге көлемінде айыппұл салып, тәркіленген тауарларды мемлекет пайдасына тәркілеуге шешім шығарды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін «Apple» компаниясы 2024 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі ең қымбат бренд ретінде танылған болатын.