Үш айдың қорытындысы қаралды

0 95

Жамбыл облысы, Қордай аудан әкімдігінде  «Құқық бұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі»  ведомствоаралық комиссиясының отырысы өтті. Оған Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Байболат, бөлім, мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен ауылдық округ әкімдері қатысты, деп хабарлайды «Аulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Комиссия отырысының күн тәртібіне Қордай ауданында құқық бұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында 2024 жылдың 3 айының қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар шығарылды. Ол бойынша Қордай аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Манас Әбдікерімов баяндама жасады. Онда 2024 жылдың 3 айында  полиция тарапынан айыппұл, жол жүру қозғалысы, адам саудасы, құқық бұзушылық, қылмыс, есірткі бизнесінің алдын алу және т.б. бойынша атқарылған жұмыстар туралы толығымен баян етіліп, баяндамаға қатысты бірқатар сұрақтар да қойылды. Оның ішінде есірткі бизнесінің алдын алу, жол ережесін сақтау бойынша сұрақтар хаттамаға енгізілді.

Мәселен, жиынға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет Кенен ауылы маңынан өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы арқылы ауыл азаматтары зираттарға өте алмай қалғанын жеткізді. Өйткені, жолдан өту туралы арнайы белгілер қойылмаған. Бұл үлкен қауіп тудырып отырғаны тағы бар. Сондай-ақ әсіресе ертеңгілік уақытта Қордай ауылындағы Төле би көшесі бойында көлік қозғалысының қиындығы, кептелістер, жол ережесін өрескел бұзушылықтың артқаны жайы да айтылып, полиция шара қолданса, деген ұсыныс берілді. Екі мәселе де аудандық полиция бөлімі назарына алынды. Ал аудан басшысы жақында Бетқайнар ауылы тұрғындарымен болған кездесуде Бетқайнар мен Соғандыда тұрғындар тарапынан қауіпсіздікке қатысты түскен шағымды еске салды. Ол бойынша жұмыс жүргізіліп жатқаны белгілі болды.

Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары құқық бұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесі қазіргі таңда Президент әкімшілігі тарапынан қатаң бақылауға алынғанын айтып, осылардың ішінде есірткі транзиті,  синтетикалық есірткіні әсіресе жастар арасында қолданудың алдын алу бойынша жұмыстарға аса мән беру қажеттігін ескертті.

Ведомствоаралық комиссиясының отырысы барысында Қордай аудандық пробация бөлімінің бастығы Т.Ошановтың да атқарылған жұмыстар туралы баяндамасы тыңдалды. Сотты болған азаматтарды жұмыспен қамту, олардың қайта қылмысқа баруының алдын алу бойынша баяндамашыға бірқатар ескертулер мен ұсыныстар да айтылды. Оның себебі де бар. Өйткені, пробация есебінде тұрған екі азамат қайта қылмысқа барған. Осы орайда аудан басшысы пробация есебінде тұрған жандарды қайта бейімдеу, олардың әлеуметтік мәселелеріне мән беру,  жауапты органдардың тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу керектігін баса айтып, бірқатар мамандарға тапсырмалар жүктеді.