ТҰЛҒАЛАР ТАҒЫЛЫМЫ — тәрбие көзі

0 59

Мектеп-лицейде «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Тарихыңды таны-тұлғаңды құрметте» атты шара өтті.

Оқушыларды кітапхана өмірімен таныстырып, елге танымал тұлғалар туралы танымдарын шыңдау мақса­тында ұйымдастырылған кеш­тің ашылу салтанатында сөз алған мек­теп-лицей директоры Запира Алпысбаева: — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: ру­ха­ни жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарих­тан сыр шертеді. Әрбір жер атаулының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», — деген болатын. Отанды сүю, халықты құрметтеу тұлғаларды танудан басталады. Ол үшін балалар танымдық дүниелерді тыңдап, кітап оқуы қажет. Адам бойындағы білім де кітап оқу арқылы қалыптасады,-деп оқушыларды кітап оқуға шақырды.

Жалпы, ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Оқуға құштар мектеп» жобасы 4 бағыт бойынша жүзеге аспақ. Олардың қатарында қазақ әдебиеті классиктерінің     шы­ғарма­лары, қазақ тіліне аударылған әлем әдебиетінің жауһар­лары, со­нымен қатар қазіргі заман әдебиеті өкілдерінің туындылары енген.

Биыл Ыбырай Алтынсаринның 180, Жамбыл Жабаевтың 175, Қасым Аманжоловтың 110, Мұқағали Мақа­таевтың 90, Төлеген Айбергенов­тың 85 жылдығы. Шара барысында оқу­шылар аталған тұлға­лардың өмір жолдарына тоқталып, өлең-жырларын нақышына келтіріп оқып берді.

Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 30 жыл­­дығына орай  мектеп ли­цей ди­ректорының бастауыш сы­ныптар ісі жөніндегі орынбасары Г.Тлепбердиева 30 кітапты мектеп ли­цей кітапханашылары  П.Асылова мен З.Төлендиеваға тарту етті.

Танымға толы шара бастауыш сы­нып мұғалімі Назира Телібаеваның орындауындағы М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Есіңе мені ал­ғайсың» әнімен қорытындыланды.

Осы орайда кештің жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосқан мектеп-лицей мұғалімдері Назира Телібаеваның, Ғалия Тілеубаеваның, Эльмира Ибраймованың, Нүрила Ахметованың және Индира Спатаева­ның еңбектерін ерекше атап өткен жөн.

 

Эльмира Расылханқызы,

                                                                                                                                        Талас ауданы,

мектеп лицейдің бастауыш сынып мұғалімі.