«Шапағат нұры» жарық көрді

0 40

Жақында, аудандық орталық кітапханада жерлесіміз, Қазақтың белгілі ақын қызы, ауданымыздың «Құрметті азаматы», Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Шырын Мамасерікованың «Шапағат нұры» атты жаңа кітабының тұсаукесері болып өтті, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Қара сөздің қаймағын үйірген, қаламы қарымды, тілі өткір, еліміздің әдебиеті мен  руханият әлемінен ойып тұрып алатын орны бар ақын әпкеміздің бұған дейін де бірнеше кітаптары жарық көріп, өлең сүйер қалың оқырманның жүрегінен жылы орын алған еді. Енді, міне, 75 жасты алқымдаған шағында Шырын әпкеміздің «Шапағат нұры» атты тағы бір кітабы жарық көріп, оқырмандардың көзайымына айналуда.

Жаңа кітаптың тұсаукесер кешіне аудан әкімі Руслан Нұрсипатов, облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова, аудандық мәслихаттың хатшысы Мұратбек Көкірекбаев, аудандық «Меркі тынысы» газетінің бас редакторы Әтіркүл Исаева, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жанат Сүйімқұлова және т.б. қатыстып, Шырын Мамасерікованы айтулы оқиғамен құттықтап, ыстық лебіздерін білдірді. Руслан Маратұлы ақын әпкемізге комзол кигізіп, ақ жаулық жауып, сый-сияпаттарын тарту етті. Сондай-ақ, Эльмира Елеусізқызы да ақынға арнаған сыйлықтарын беріп, құрмет көрсетті.

Ақынның сиясы кеппеген жаңа жыр жинағын  өлең-жыр сүйер қауымға таныстыру мақсатында, орталық кітапхананың қызметкерлері «Сұлу жырдың сандуғашы» атты библиофрэш ұйымдастырыпты. Кештің жүргізушісі Назира Қойшыбаева Шырын Мамасерікованың өмірбаяны мен ақындық жолы жайлы баяндап, осыған дейін жарық көрген кітаптарына шолу жасады. Ал, саналы ғұмырын поэзияға арнап, әрбір өлеңін ізгілік, адамгершілік қасиеттермен көркемдейтін ақынның жаңа жыр жинағы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөліміне Шырын Мамасерікованың әр жылдары жазған өлеңдері енгізіліпті де, екінші бөлімінде хаттар, қолтаңбалар, арнау өлеңдер, естеліктер, сұхбаттар және мақалалар қамтылыпты.

Шырын әпкенің жазған өлеңдері талай әншілердің әндеріне арқау болып та жүрген жайы бар. Осынау кеште ақынның сөздеріне жазылған «Ақ жеңешем», «Сұлу Меркі – әсем ән» әндерін жергілікті жезтаңдай әншілер Гүлнұр Құрамаева мен Нұрдәулет Исатаевтар тамылжыта салды. Сондай-ақ, іс-шара барысында, «Жібек Жолы» бишілер тобы «Шуақ шашу» биін нақышына келтіре орындаса, кітапханашы Лаура Қопабаева – «Жылдарын жарқыратып арманның», №39 мектептің 8-сынып оқушысы Әйгерім Қайрат – «Анашым», №44 мектептің 8-сынып оқушысы Нұрсұлу Еркінбек – «Тәуелсіздік», №18 мектептің 9-сынып оқушысы Нұргелді Мырзабай – «Шапағат нұры» атты ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Шырын Мамасерікова өзінің ақындық жолында қазақтың талай дарабоздарымен жолы түйісіп, қызметтес болған, сырлас дос-құрбы да болған. Сондай тұлғалардың ішінен жанына жақын, үнемі сырласып, кеңесіп жүретін замандасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Күләш Ахметованың Шырын құрбысына арнаған құттықтауы экран арқылы көрерменге көрсетілді.

Іс-шараның соңында Шырын Мамсерікованың кітаптары, жалпы шығармашылық туындылары жинақталған көрме көпшіліктің назарына ұсынылды.